Ұшақта "бомба", "террорист", "қару" деген сөздерді айтса не болады

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Мұндай әзіл үшін жаза қарастырылған.

Азаматтық авиация комитеті ұшақ бортында "бомба", "жарылыс", "террорист", "қару", "басып алу" сияқты сөздерді айтып, мұндай тақырыпта әзілдеуге болмайтынын ескертті.

Комитеттің мәліметінше, экипаж жолаушының шынымен әзілдеп тұрғанын анықтауға міндетті емес. Авиация қауіпсіздігі талаптарына сәйкес, мұндай сөздер нақты қауіп ретінде қабылданып, экипаж хаттама бойынша әрекет етуі керек.

Қауіп туралы мәлімдеме жасалған жағдайда қауіпсіздік шаралары бірден күшейтіледі. Ұшақ пен багаж тексеріліп, арнайы қызметтер шақырылуы мүмкін. Қажет болған жағдайда жолаушылар эвакуацияланып, әуежайдың кейбір аймақтарына кіруге шектеу қойылады.

"Жақында Алматы – Ақтау бағытындағы рейсте осындай жағдай болған. Жолаушылардың бірі ұшақ бортында "бомба" туралы айтқан. Осыдан кейін экипаж авиациялық қауіпсіздік қызметі мен көліктік полиция өкілдерін шақырып, ер адамды рейстен түсірген. Ұшақ іші тексеріліп, рейс екі сағатқа кешіктірілген", – делінген хабарламада.

Авиация комитеті мұндай жағдай сырт көзге шамадан тыс реакция болып көрінуі мүмкін екенін атап өтті. Алайда экипаж айтылған сөздің әзіл немесе шынайы ақпарат екенін бірден анықтай алмайды.

"Сондықтан ұшақта бомба, жарылғыш зат, қару, тапанша, террористер, терроризм актісі немесе әуе кемесін басып алу туралы сөздер айтуға, сондай-ақ жолаушылар мен экипажға зиян келтіру ниеті немесе багажда қауіпті заттардың бары туралы әзілдеуге болмайды. ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, терроризм актісін жасауға дайындалып жатқаны туралы көрінеу жалған хабарлама берген адамға 5000 АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", – делінген хабарламада.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау