Тікелей эфир

12 жылға созылған жалақы дауы: Алматыдағы трамплинді салған құрылысшылардың ақысы қайда?

Алматы әкімдігі болса, мердігерге ешқандай қарызы жоғын айтады.

Алматыда 2011 жылы Азияда ойындары кезінде "Сұңқар" шаңғы трамплинін салған құрылысшылар әлі күнге дейін жалақыларын алмаған. Бұл іс сотқа дейін жеткенімен, ол құрылыс компаниясының пайдасына шешілмепті. Ал қала әкімдігі 4 миллиард теңгеге жуық қаражатты төлегенін айтады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

2007-2010 жылдар аралығында құрылысшылардың жалақысы тұрақты төленгенімен, кейін қаржыландыру кешіге берген. Компания өкілдерінің айтуынша, бір құрылысты аяқтағаннан кейін әкімдік тағы бір нысанның жұмысына тапсырыс берген. Сол тапсырыстың бір бөлігі өтеусіз қалған.

"Екі қарызды қосқанда бізге 3,854 мллиард теңге берешегі бар. Одан бөлек, құны 1 млн 151 мың доллардың 2 қымбат техникасын алдық. Соны әкімдік былтыр бізді сотқа беріп тартып алды", – дейді құрылыс компаниясының қызметкері Әбдіразақ Байболатов.

Құрылыс компаниясының қаржыдан қағылуы тек өзі емес, мердігер компанияларға да зиянын тигізген. Мәселен, құрылыс компаниясы жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп келген мердігерге 43 млн теңге қарыз.

Ал қала әкімдігінің тиісті басқарма өкілдері әкімдіктің мердігерге қарызы жоғын айтады.

"Әкімшілік пен мердігер компанияның арасында жабылған барлық акт құжаттары бар. Біз мердігерге қарыз емеспіз. Өкінішке қарай, ол уақытта жұмыс істеген мамандар қазір жоқ. Сәйкесінше, ескі құжаттарды қайта қарап, анықтау керек", – деп түсіндірді Алматы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдар Нұрғожаев.  

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары