Ұнның қымбаттауы нан бағасына қалай әсер етіп жатыр? Өңірлерге шолу

Биыл өткен жылмен салыстырғанда ұн 1,5 пайыз артық өндірілген.

Қазақстанда ұн бағасы былтырмен салыстырғанда 36,6 пайызға өсті. Energyprom мәліметінше, биыл қаңтар-маусым айларында 1,6 миллион тонна ұн өндірілген. Бұл өткен жылғы көлемнен 1,5 пайызға көп, деп хабарлаған 31 арна ел өңірлеріндегі жағдайға шолу жасады.

Қазақстанда Қостанай облысы ұн өндіру көлемі бойынша бірінші орында. Мұнда жылына 552,4 мың тонна ұн өндіріледі. Келесі кезекте Солтүстік Қазақстан облысы (164,5 мың тонна) және Шымкент қаласы (141,5 мың тонна) тұр.

Нұр-Сұлтан қаласы

Елордада бір келі ұн бағасы 450 теңгеден басталып, кей дүкендерде 510-540 теңгеден сатылады. 500 грамдық бөлке нан құны 120-130 теңге. Дүкен сатушылары нан сатып алуға қиналатын адамдардың көбейгенін айтады. Мәселен, сатушы Ермахан Сейітқасым халық үшін бір бөлке үшін төленетін 120 теңгенің өзі көп екенін айтып, үстемеақыны 5-10 теңгеден асыра алмайтынын айтады.

"Адамдардың нан алатын ақшасы жоқ. Бізден өтініш айтып, сұрап алып кететіндер көп. Қолдан келгенше нан бағасын көтермеуге тырысамыз", – дейді сатушы.


Оқи отырыңыз: Алматыда алып-сатарлар нанды үстіне 300 теңге қосып сатқан


 Ақтөбе облысы

Бұл өңірде де ұн бағасы соңғы бір апта ішінде 10 теңгеге өскен. Сәйкесінше, бұл ұннан жасалатын өнімдер бағасына да әсер еткен. Мұны облыстық кәсіпкерлік басқармасы да растап отыр.

"Өткен аптада бірінші сұрыпты ұнның бағасы өсім көрсетті. Мұның негізгі себебі – шикізат пен логистика қызметінің қымбаттауы. Ұнның бір келісіне орташа баға 187 теңгеден 195 теңгеге дейін өсті. Соған орай, тұрақтандыру қоры арқылы біз интервенция жұмыстарын күшейтіп жатырмыз", – деді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Гүлшат Берқалиева.

Облыстық тұрақтандыру қорында 4 мың тоннаға жуық бірінші сорттағы ұн бар. Оған қоса биыл 360 мың гектар жерге дәнді-дақылдар егілген. Осыны алға тартқан облыстық кәсіпкерлік басқармасы биыл өңірде ұн тапшылығы болмайтынына сендіріп отыр.

Алматы облысы

Талдықорған қаласындағы ең ірі наубайхана ұнды өздері өндіретіндіктен, халық ең көп тұтынатын бөлке нанның бағасы қазан айына дейін қымбаттамайтынын айтады.

"Былтыр қазан айында Жетісу әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 250 млн теңге жеңілдетілген несие алдық. Соған сәйкес, біз дүкендерге бөлке нанды 95 теңгеден жеткіземіз және бұл келісімшарт жұмысы алдағы қазан айында жалғасады", – деді наубайхана директоры Мирас Исламхан. 


Оқи отырыңыз: "Әр дүкенге – бес нан". Алматы дүкендерінде нан дефициті басталды


Қостанай облысы

Қазақстанның солтүстігінде күз жақындаған сайын бидай мен ұн тапшылығы сезіліп жатыр. Қазірдің өзінде бидайдың жоқтығынан кейбір диірмендер уақытша жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болып, бұл ұн өнімдерінің қымбаттауына әсер еткен.

Мәселен, дүкендерде 600 грамм бөлке нанның бағасы 150 теңгеден басталады. Ал бірінші сұрыпты ұнның бір келісі 200 теңгеден басталады. Оған былтырғы қуаңшылық пен бидайдың, жанармайдың, коммуналдық қызметтердің қымбаттауы сияқты бірнеше факторлар әсер еткен.

"Бидайдың бағасы маусым айында 180 мың теңге болса, қазір 140 мың теңгеге түсті. Күзде 115 мың теңгеге түсуі керек. Ол 40 пайыз арзандай деген сөз", – дейді ҚР астық өндірушілер одағының ресми өкілі Қазыбек Омаров.

 

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары