Тікелей эфир

Ұлытау өңірінде археологтардан пара алған шенеунік сотталды

2 миллион теңге пара алған шенеунік көп жылға бас бостандығынан айырылды.

Жезқазғанда сот археологтардан пара алған шенеуніктерге үкім шығарды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады.

Сотталушылар сапында Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат істері басқармасының басшысы, Мемлекеттік тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының басшысы, сондай-ақ "Мәдени мұраны зерттеу және сақтау орталығы" мердігер компаниясының өкілі болды.

"Шенеуніктер сөз байласып, мердігер ұйымның өкілінен облыс аумағындағы көне қорымдарда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге және жалпы патронажға мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шартқа қол қойғаны үшін 2 миллион теңге көлемінде пара алған", – деді Антикор.

Пара алғаны үшін шенеуніктер алты жылға бас бостандығынан айырылды. Үшінші айыпталушы, үкім бойынша, темір тордың ар жағында үш жарым жыл отырады. Сотталғандардың ешқайсысы енді мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Үкімге әлі де шағымдануға болады.


Оқи отырыңыз: Археологтардан пара алған күдікті қамауға алынды


"Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат істері басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ облыс әкімдігінің, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал, Жаңаарқа және Ұлытау қалаларының мемлекеттік қызметшілері аудандар сот процесіне онлайн қосылды", – деп жазылған хабарламада.

Серіктестер жаңалықтары