Ұлытау облысында полиция қызметкерлері тергеушіге пара беру әрекетінің жолын кесті. Бұл туралы ІІМ хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, ер адам алаяқтық дерегі бойынша тергеліп жатқан қылмыстық іс бойынша өзіне оң шешім шығару үшін тергеушіге заңсыз сыйақы ұсынған.
"Алайда тергеу бөлімінің қызметкері күдіктінің әрекеті туралы бірден Ұлытау облыстық полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына хабарлаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ақшаны беру кезінде қылмыс үстінде ұсталды. Оқиға орнынан берілмек болған ақша тәркіленді", – делінген хабарламада.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
ІІМ мәліметінше, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.