Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының 32 жастағы тұрғыны полиция қызметкерлеріне 98 жылдық тарихы бар Намбу тапаншасын тапсырды. Бұл туралы polisia.kz хабарлады.
Жаңаарқа ауданының тұрғыны Ерсін Тәжмағанбетов жертөледе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде жерге көмілген тапаншаға ұқсас затты тауып алған. Дереу полицияға хабарласып, табылған затты өткізген.
"Облыстық полиция департаментінің жедел-криминалистерінің сарапшылары жүргізген зерттеу барысында бұл қарудың бір ғасырға жуық тарихы бар екені анықталды. Намбу 14 тапаншасы 1925 жылы Намбудың 4 тип тапаншасының дизайны негізінде жасалған жапон тапаншасы. Олар екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін шығарылды" – делінген хабарламада.
Тапанша тарихи жәдігер ретінде облыстық музейге тапсырылады.