Қазақстан ұлттық банкі ROZA BAǴLANOVA. 100 JYL коллекциялық монеталарын айналымға шығарады.
ROZA BAǴLANOVA. 100 JYL коллекциялық монеталары туралы
Номиналы 100 теңгелік мельхиордан соғылған монета "Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар" сериясын жалғастырады. КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық қаһарманы, кеңестің және қазақтың опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың туғанына 2022 жылы 100 жыл толады.
Монета аверсінің орталық бөлігінде Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның оң жағы мен сол жағында ою-өрнек элементтері орналасқан. Монетаны айналдыра QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазу жазылған. Төменгі бөлігінен монетаның номиналын білдіретін 100 TEŃGE жазуын көруге болады.
Монетаның реверсінде Роза Бағланованың суреті, портреттің сол жағында мерейтойлық датаны білдіретін 100 JYL деген жазу бар. Монетаны айналдыра "Ах, Самара-городок" әнінің ноталары, ROZA BAǴLANOVA, монетаның шыққан жылын білдіретін "2022" деген жазулар бар.
Монета коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар Қазақстан Республикасының аумағында барлық төлем түрі бойынша номиналды құнына сай қабылдауға жатады, сондай-ақ, монеталарды банк шоттарына салып, аударым жасауға, Қазақстан Республикасының барлық банкінде айырбастап, ұсақтауға болады.
Коллекциялық монета Қазақстанның теңге сарайында жасалған.
Еске салсақ, "Тілашар" коллекциялық монеталарының айналымға шыққаны туралы хабарлаған едік. Монеталар номиналы 500 теңгелік күмістен, 100 теңгелік мельхиордан және 100 теңгелік нейзильберден жасалған.