Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов және Соколов топтық су құбырларын реконструкциялауды аяқтауға Арнаулы мемлекеттік қордан 2,7 млрд теңге бөлді.
Преснов топтық су құбырын реконструкциялау нәтижесінде Есіл, Мамлют және Жамбыл аудандарындағы 43 елді мекеннің, яғни 34,5 мың тұрғынның ауыз сумен қамтылуы жақсарады.
Үкіметтің мәліметінше, бүгінде:
- 171 шақырым магистральдық су құбыры мен тарату желісі;
- 46 шақырым ауылішілік су желісі тартылған.
"Қазір суды жинақтау, тарату және қысымды реттеу нысандарын салу мен жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Ал Соколов топтық су құбырын реконструкциялау Қызылжар ауданындағы 10 ауылды қамтиды. Бұл елді мекендерде 4 мыңнан астам адам тұрады. Жоба аясында 59 шақырым тарату желісі және 77 шақырым ауылішілік су желісі салынады. Преснов және Соколов су құбырларын пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған. Жобалар іске қосылғаннан кейін су жүйесінің сенімділігі артып, тасымалдау кезіндегі шығындар азайып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі жақсарады. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында ұзындығы 3 мың шақырымнан асатын еліміздегі ең ірі топтық су құбырлары желісі жұмыс істейді. Ол 229 ауылдағы 175 мың тұрғынды сумен қамтамасыз етеді", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2024–2026 жылдары Арнаулы мемлекеттік қор есебінен жалпы құны 610 млрд теңге болатын 500-ден астам әлеуметтік жоба қаржыландырылды. Соның ішінде 226,5 млрд теңгеге бағаланған 267 жоба су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.