Үкімет басшысы 1 шілдеден бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5%-ға ұлғайту туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Еңбек ету қабілетінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдермен 92 мыңға жуық адам, асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдермен 61 мың отбасы қамтылады деп жоспарланып отыр.
"Мемлекет азаматтардың табысын арттыру бойынша іс-шараларды тұрақты негізде қабылдап келе жатқанын айта кету керек. Мысалы, биыл 1 қаңтардан бастап республикадағы ең төменгі еңбекақы мөлшері 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көбейтілді. Бұл экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмыскер мен еңбек адамын қамтыды. Ең төменгі айлық көрсеткіші арқылы еңбекақы деңгейін белгілейтін ұйымдар біліктіліктің санат аралық жүйесін ескере отырып, өзге де санаттағы жұмысшылардың еңбекақысын өсіру жағына қарай қайта қарастырады", – делінген ресми хабарламада.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы балаларға арналған жәрдемақы қаншаға өседі?
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 4,4 млн адам алатын зейнетақы мен жәрдемақының барлық түрі қайта есептелді.
Сонымен қатар дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджеттік саланың басқа да қызметкерлері мен өндіріс жұмысшыларының жалақысын кезең-кезеңмен арттыруды және жоба ауқымын кеңейту бойынша 2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары жалғасын тапты. Сондай-ақ шағын несиелерді қолжетімді ету арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша жобаны кеңейту жұмыстары басталды.