"Үкімет деңгейінде көтереміз". Аймағамбетов жөнделмеген мектептерді тексеретін жұмыс тобын құруды тапсырды

БҚО, Түркістан, Алматы облыстарында мектептер тиісті күрделі жөндеуден өтпеген.

2022 жылы республика бойынша 276 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек болатын. Бүгінгі күнге дейін соның 205-інде, яғни 74 пайызында тиісті жұмыстар аяқталды. Ал 71 мектепте немесе 26 пайызында әлі жұмыстар жалғасып жатыр. Осы орайда, оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жұмыстары уақытылы аяқталмаған мектептерді тексеретін комиссия құруды тапсырды. 

"Күрделі жөндеу жұмыстары Түркістан облысында – 20 мектепте, БҚО-да – 9, Алматы облысында 7 мектепте аяқталмаған. Сондай-ақ, Алматы қаласында 8 мектепте жұмыс аяқталмаған, бірақ оның объективті себебі бар құрылыс сейсмо талаптарға сәйкес жүргізіліп жатыр. 13 мектепте жасалып жатқан күрделі жұмыстардың келісімшарт бойынша мерзімі өткен. Яғни мердігерлер бұл жерде өзінің жоспарына сәйкес үлгермей жатыр. Атап айтсақ, бұл Алматы, Атырау, Жетісу облыстарында 2 мектептен, Астана, Қызылорда, Жамбыл, Павлодар, СҚО-да бір мектептен. Аталған өңірлер жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталмауына байланысты білім беру бөлімдері, білім беру басқармалары заңнамаға сәйкес тиісті жұмыстарды жүргізуі қажет", – деді білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.

Комитет төрағасының мәліметінше, республика бойынша 26 мектепте жөндеу жұмыстары биыл аяқталмай, 2023 жылға өтуі мүмкін. Түркістан облысында мұндай 13 мектеп, БҚО, Қостанай, Абай облыстарында екі мектептен бар. 


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты: Ауылда жалған дипломмен сабақ беретін мұғалімдер көп


"Жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталмауы оқу процесіне кедергі жасап, қолайсыздық тудырады. Жоспарлау барысында мектептегі барлық жөндеу жұмыстарының аяқталуын оқу жылының басталуына дейін жоспарлауымыз қажет. Білім ошақтарының дайындық көлеміне келетін болсақ, Алматы облысының 7 мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары биыл аяқталуы тиіс. Бірақ бүгін олардың даярлық пайызы төмен болып отыр. Талғар ауданындағы №21 мектепте жұмыстар – 85%, №38 мектепте – 60%, Іле ауданындағы №14 мектепте даярлық тек 65% болып отыр. БҚО-ның Ақжайық ауданында Базартөбе мектептебінде – 27%, Бәйтерек ауданы Раздольненское мектебінде – 35%, осында Чувашин мектебінде – 47%, Бөкей ордасындағы Жәңгір хан мектебінде жұмыстар тек 50% аяқталған", – деп бөлісті Ернұр Дәуенов. 

Сондай-ақ, Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 7 мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, бірақ барлығының жұмысы 35 пайызға ғана аяқталған. Осылай жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 16 мектепте 5 265 оқушы 1 қыркүйектен бастап жақын орналасқан мектептер мен басқа ғимараттарда білім алуда. Бұдан өзге, БҚО-да 2 мыңнан астам бала, Жамбыл облысында 2 мыңға жуық бала басқа ғимаратта оқып жатыр. Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Смайылов атындағы мектептің 500 оқушысы бұрынғы оқушылар сарайының ғимаратында, Абай облысындағы Ақсауыт ауданындағы Тоғас батыр мектебінің 1-сынып оқушылары балабақшада, 2 және 4-сыныптар ауыл клубының ғимаратында оқыса,  7-11 сыныптар жақын маңдағы мектепке тасымалдануда. 


Оқи отырыңыз: ҰБТ-2023: Оқуға түсу үшін қанша балл жинау қажет?


Осы орайда, оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов негізінен Түркістан, БҚО, Алматы облыстарында барлық жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмағанына тоқталып, тексеріс жүргізу үшін комиссия құруды тапсырды. 

"Қауіпсіздік бойынша бейнебақылау камерасы, дабыл батырмаларын орнату, жылу жүйелерін мектеп сыртына шығару мәселелерін қарағанда бірнеше облыста жұмыстың тиіс деңгейде атқарылмағанын көріп отырмыз. Қандай да бір кемшіліктер болса, солар осы облыстағы мектептерден анықталады. Соның ішінде Түркістан, БҚО, Алматы облыстарында мектептер күрделі жөндеуден өтпеген. Неге басқа облыстар мен елдімекендерде жұмыс толық ұйымдастырылады, олар заңнамаға сай жұмыс істейді, ал бұл мектептерде жағдай керісінше? Бұл – жағдайда бей-жай қарау мен ұйымдастырушылардың салғырттығы. (...). Біз үшін баланың өмірі мен денсаулығы бірінші орында тұруы тиіс. Осы өңірлерде тексеріс жүргізетін үлкен жұмыс тобын құрып, кейін сол тексерістің нәтижесінде бір шешімге келуіміз керек. Қажет болса бұл мәселені үкімет деңгейінде көтеріп, тиісті шешім қабылдауымыз қажет", – деді Асхат Аймағамбетов. 

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары