Алматыда Flora city stroy компаниясының үлескерлері желтоқсанда берілуі керек пәтерлерінің құрылысы басталмағанына наразы. Сондай-ақ олар үлескердің құйған қаржыны қайтармай отырғанын айтты, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Біз ұжымдық арыз жазып қойдық. Себебі біз ақша құйған компанияның басшысы біресе инвесторды күтіп отырғанын, енді бірде құрылыс материалдарын алып жатқанын айтып алдайды. Арада бір жыл өтті. Үй тұрғызылмақ түгілі қазаншұңқыр да қазылмаған", – деді үлескер Самат Молбаев.
Тағы бір үлескер Шалқар Имашев компанияға 12 миллион теңге құйып үлгергенін айтады.
"31 наурыз күні дайын болатынын айтқан. Әлі дайын емес. Алаяқтық туралы қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды", – деді үлескер Шалқар Имашев.
Оқи отырыңыз: "9-20-25" бағдарламасымен кімдер баспана алады? Жаңа ипотеканың шарттары қандай?
Үлескерлер дәл қазір құйған қаржысын қайтаруды ғана талап етіп отыр. Ал компания өкілдері үлескерлерге шетінен ақшасын қайтарып жатқанын айтып ақталды.
"Үйдің құрылысы келесі жылдың ортасына қарай аяқталуы керек болатын. Қазірдің өзінде қоршау жұмыстарының барлығы жасалған. Құжаттарымызды беріп қойдық, енді соны күтіп отырмыз", – деді сату бөлімінің басшысы Ислам Шертаев.
Алматы полициясы департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жоғарыдағы фактіге байланысты тергеу жұмыстарының әлі жалғасып жатқанын айтты.
"Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның ішінде экономикалық тексеру бар. Осыдан кейін процесуалдық шешім қабылданатын болады", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Жыл соңына дейін қалай пәтер алуға болады? Ең тиімді ипотекалар тізімі
Десе де үлескерлер Flora city stroy компаниясының тұрғын үй тұрғыза алатынына сенбейді. Сол үшін қаржысын қайтаруды талап етіп отыр.