Қазақстанда бұрынғы уақытты қайтаруға қатысты петицияны қарайтын жұмыс тобы алдын ала шешімін шығарды.
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаевтың айтуынша, жұмыс тобы петицияны кері қайтаруға алдын ала шешім шығарды.
Себебі "авторлардың уақытты ауыстыру электр энергиясын тұтыну және халықтың денсаулығына кері әсер етеді деген уәждері расталған жоқ".
"Осы уақытқа дейін біз петиция жазғандардың дәлелдерін қарадық. Бірақ оның бәрі расталған жоқ. Осыған байланысты мен сауда және интеграция министрлігінің алдын ала шешімін жариялаймын. Петицияны қанағаттандырудан бас тартуға шешім шығарылады", – деді Қайрат Балықбаев бүгінгі отырыста.
Еске салайық, биыл 1 наурыздан бастап қазақстандықтар бірыңғай уақыт белдеуіне көшкен болатын. Бірақ наразы азаматтар бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап етіп петиция жариялады. Оған қол қойғандар саны шекті санын жетіп, қоғамдық талқылауға шығарылды.