Бүгін бірқатар мәжіліс депутаты Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты мәлімдеме жасап, алдағы уақытта Мәжіліс қабырғасында тыңдау өткізетіндерін хабарлады.
Депутаттардың айтуынша, жазда өңірлерді аралау кезінде Шығыс Қазақстан, Абай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Жетісу облыстарында тұрғындардан ең көп қойылған сұрақ осы уақыт белдеуіне қатысты болған.
"Мыңдаған халықтың арыз-шағымына қарай мәлімдеме жасап отырмыз. Бүгін осы мәселе бойынша Amanat фракциясының мәжілісін өткіздік. Тұрғындар бұрынғы уақыт белдеуін қайтарып беруді талап етіп отыр. Бұл белдеу батыс өңірлер, Қостанай, Қызылорда облыстары үшін қолайлы шығар, дегенмен шығыс үшін тиімсіз", – деді мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай.
Оның сөзінше, Шығыс Қазақстан тұрғындары үшін жаңа уақыт белдеуі үлкен қиындықтар туғызған.
Оқи отырыңыз: Бірыңғай уақыт белдеуі: Қазақстанда жұмыс бір сағатқа ерте басталуы мүмкін
"Шығыс Қазақстанда 2.30-да таң атады. Адамдар сиырдың мөңіреген дауысынан оянады. Ал кешкі 5-6-ларда далада тас қараңғы. Екінші, үшінші ауысымда оқитын оқушылар қалай үйіне қайтады? Көшелерде жарық та жоқ. Жер үлкен болғандықтан, бір уақыт белдеуі алдын ала зерттелуі керек еді", – деген мәжіліс депутаты алда жоспарланып отырған тыңдауға үкімет мүшелері, ғалымдар, сала мамандары шақырылатынын айтып, қазақстандықтарды да өз ұсынысын беруге шақырды.
"Уақыт - үкіметтің де, мемлекеттің де меншігі емес! Үкіметтің бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылдауына ықпал етеміз", – деп түйіндеді Мақсат Толықбай.