Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінде көз жұмғандардың саны 7900 адамға жетті, деп хабарлайды The Guardian.
Түркия – 5894, Сирия 1932 адамның қайтыс болғанын растады, алайда соңғы мәліметтерге сәйкес, қаза тапқандар саны 8 мың адамға жуықтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағамдауынша, жер сілкінісі кезінде қайтыс болғандар саны 20 мың адамға жетеді.
"180 мыңдай немесе одан да көп адам үйінділердің астында қалған болуы мүмкін, олардың барлығы қаза тапқан да шығар", – деді жер сілкінісі бойынша маман Овгун Ахмет Эркан The Economist басылымына берген сұхбатында.
Оқи отырыңыз: Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі Қазақстанға қарай жылжи ма? Сейсмологпен сұхбат
Сондай-ақ, бүгін қазақстандық құтқарушылардың екінші тобы Түркияға ұшып барды. Екінші эшелон құрамында жеке құрамнан 60 адам, олардың ішінде ТЖМ құтқарушылары, апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері бар.
ТЖМ жедел әрекет ету күштерінде авариялық-құтқару құралдары мен жабдықтардың 150-ге жуық және дәрі-дәрмектердің 160-тан астам түрі бар.
"Жер сілкінісінің салдарын жою жөніндегі орталық штабпен келісе отырып Қазақстан ТЖМ екінші тобы Газиантеп қаласындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қосылатын болады. Түркияға тартылған қазақстандық құтқарушылардың жалпы саны 100 адамды құрайды", – делінген ТЖМ хабарламасында.