Түркістан облысы Қарасу ауылының ұстаздары мен оқушылары мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімінің үстінен шағым түсірді. Бұрын сотты болған педагог жоғары сыныпта оқитын қыздарға қол жүгіртіп, ұлдарға жұдырық жұмсайды дейді ата-аналар. Әріптестерін де былапыт сөзбен сыбап алатын мұғалім күні кеше ғана жылы орнынан босатылған директордың күйеуі екен.
"Алтай ағай дене шынықтыру сабағында қол жүгіртеді. Құшақтап, аяғымызға тиіседі, барлық жерімізді сипалайды. Біз ата-анамызға айтуға қорқамыз. Құшақтайды. Әсіресе 9-10 сынып қыздарына тиіседі. Ұстап, менің алдыма кел дейді. Кейбірін бұрышқа тығып қояды. Солармен сөйлесіп тұрады", – деді жәбірленуші оқушы.
Мұғалімінің мұндай әрекетін жуырда ғана естіген оқушының анасы қызын бірден басқа мектепке ауыстырған. Полицияға да арыз жазған келіншек жағдайды бұлай қалдырмаймын деп отыр.
"Енді арызданамын. Бұған дейін білген жоқ едім мен. Білсем бірден арызданып шығатын едім. Қудалататын едім", – деді жәбірленген оқушының анасы Шахиста Жалмұрзаева.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда күзден бастап оқушы қыздарға жаппай екпе егіледі
Қыздарға қол жүгіртеді деген мұғалім ұлдарға да жұдырық жұмсайды, дейді ата-аналар. Былтыр кеуде тұсынан соққы алған 9-сынып оқушысы медициналық көмекке жүгінген. Оны айғақтайтын анықтама бар. Бірақ аталған оқиға жылы жабылды дейді үлкендер. Бұрын сотты болған мұғалімнің үстінен түскен шағымдар аз емес екенін әріптестері де растайды.
"Қазірдің өзінде 3 жыл 6 ай соттылығы бар. Сондықтан қаншалықты бұл кісінің жұмыс істеуге болатын, болмайтынын құзырлы органдар шешетін шығар. Өйткені сот солай шығарып берген екен", – деді М.Сапарбаев атындағы жалпы орта мектебі директорының орынбасары Маржан Бердімұратова.
Ұжымның берекесін алған мұғалім мамыр айының басында орнынан босатылған директордың күйеуі дейді педагогтар. Осыны пайдаланған ол мектептің мәселесіне түбегейлі кірісіп, өзге мұғалімдерді сағатынан айырамын деп қорқытуға көшкен.
Оқи отырыңыз: Оқушылар макулатура жинап, оларды "цифрлық ағаштарға" айналдырды
"Айқайлап, боқтап, қоқан-лоққы көрсетті. Неге сен шағымданасың деп бас салып боқтады", – деді М.Сапарбаев атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Ұлықбек Гүлбаев.
Басы дауға қалған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ақысыз еңбек демалысына шығып кеткен. Телефон арқылы жауап берген ол барлығын жоққа шығарды. Бірақ сұқбат беруден бас тартты. Мұғалімнің бұрын істі болғанынан хабардар құзырлылар ол жасаған қылмыс балаларға қатысты болмағандықтан, жұмыс істеу мәселесін жұмыс беруші шешеді дейді. Ал оқушыны ұру дерегі қазір зерделеніп жатқанын алға тарты.
"Мұғалім оқушыға қол көтерді деген дерек пайда болды. Ол дерек 2023 жылдың 10 сәуірде болған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. ҚР ҚК 140 бап 2-бөлігімен", – деді Сайрам ауданының прокуроры Дәулет Тілемісов.
Оқи отырыңыз: Оқушыларға мектепте киюге рұқсат етілетін киімдер тізімі жаңарды