Алматы мен Астананың 17 оқу орнында оқушылар педагогтермен және ата-аналармен бірге ағаш отырғызады.
Қазақстанда 2013 жылдан бастап "Салауатты тамақтану мектебі" білім беру бағдарламасы Алматы қаласының Білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығы, Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы және "Нестле Қазақстан" қолдауымен өтіп іске асырылып келеді. Жақында бағдарламаға балаларды табиғатқа ұқыпты қарауға үйретуге бағытталған экологиялық модуль енгізілді.
Былтыр экомодуль аясында "Өз бағыңды өсір" байқауы ұйымдастырылып, педагогтер оқушылармен бірге макулатура жинап, оны қайта өңдеу пункттеріне тапсырды. Қатысушылар тапсырылған шикізат туралы ақпаратты конкурстың цифрлық платформасына орналастырды. Әр 30 келі макулатура сайтта "цифрлық ағаштарға" айналды. Осылайша 600 ағаш құтқарылды. Алматылық және астаналық оқушылар мен педагогтер оларды конкурсқа қатысқан мектептердің аумақтарына отырғызды.
Байқауға жалпы алғанда, 17 оқу орны қатысты. Олар бірге 18 тоннаға жуық макулатура жинады.
"Біздің гимназия – "Салауатты тамақтану мектебі" бағдарламасының ең белсенді қатысушыларының бірі. "Өз бағыңды өсір" байқауының арқасында оқушылар қағазды ұқыпты пайдаланудың қаншалықты маңызды екенін, қалай қайта өңдеуге болатынын, ең бастысы, балалар туған жердің табиғи байлығын сақтауға үлес қоса алатынын түсіне білді", – деді Алматы қаласының №27 гимназиясының директоры Айна Әбдиева.
Балаларды қорғау күні мен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында №27 гимназия оқушылары 50 ағаш отырғызды. Қалған 550 түп одан әрі отырғызу үшін Алматы мен Астана мектептеріне жеткізіледі.
"Балаларға ағаштарды мектеп аумағына өз қолымен отырғызу өте маңызды. Сондай-ақ, оқушылар ағаштарға күтім жасап, көшеттер қалай өсіп жатқанын бақылай алады", – деді Алматы қаласының Білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Татьяна Ежова.
"Салауатты тамақтану мектебі" қазақстандық бағдарламасы "Нестле" Дені сау балалар" жаһандық бастамасы аясында жүзеге асырылып келеді. Бастаманың мақсаты – 2030 жылға қарай дүние жүзіндегі 50 миллион балаға салауатты өмір салтын ұстануға көмектесу.