Тікелей эфир

Түркістан облысында денесінің төрттен бірін күйік шалған жұмысшы 4 айдан бері өтемақы алмаған

Бұл оқиғаға қатысты Сайрам ауданының ішкі істер басқармасы тергеу жүргізіп жатыр.

Түркістан облысы Сайрам ауданында мұнай өңдеу зауытында былтыр қыркүйекте болған өрттен денесінің 25 пайызын күйік шалған Ерболат Ескендіров 4 айдан бері өндіріс орнынан өтемақысын ала алмай жүр. Қолдары мен аяқтарының терісі күйген жұмысшының саусақтары ашылмай қалған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Лаулаған оттан қашамын деп, биіктен секірген Ерболаттың тобығы да сынған. Жұмыс кезінде жарақат алған азаматқа зауыт басшылығы осы күнге дейін көмек бермеді деп туыстары да налып отыр. Айтуларынша, жұмысшының құқын қорғайтын еңбек инспекциясы екі тарап та бірдей кінәлі деп қорытынды шығарған.

Ерболат Ескендіров бүгінде еңбекке жарамсыз. Терісі әбден күйіп қалған оның қолдары әлі қып-қызыл. Оның саусақтары бүгілмейді, жұдырығы жұмылмайды. Тобығы сынғандықтан, аяғын сылтып басады.


Оқи отырыңыз: Қауіпсіздіктің қарапайым ережелері. Біз күнделікті неге мән бермейміз?


"Мен жоғарыда бір өзім болғанмын. Сол кезде өрт шықты да, мен өртеніп, дереу цистерна вагоннан секірдім. Сөйтіп аяғым сынған. Секіру үстінде жанып бара жатқан соң киімімді шештім да, серігіме қарай жүгірдім", – дейді Ерболат Ескендіров.

Оның анасы Гүлшат Айқашованың сөзінше, кәсіпорын басшылығы қолға 150 мың теңге ұстатып, одан өзге ешқандай көмек көрсетпепті.

Бүгінде мұнай өңдеу зауыты қазір жұмысын тоқтатқан. Басшылықтың сөзінше, шикізат болмағасын кәсіпорын 20 желтоқсаннан бері тұралап тұр. Қыркүйектегі оқиға кезінде 6 цистерна жанармай жанып, 40 миллион теңге шығын келген.

"Көмектесеміз, бізде ешқандай шектеу жоқ. Ол жұмыстан әлі шыққан жоқ. Қандай ота жасау керектігін айтсын", – деді "Әлем Мұнай Инвест" ЖШС директоры Архабай Туғанбеков.

Зауыттағы өртке қатысты еңбек инспекциясы тексеру жүргізіп, жұмысшы да, жұмыс беруші де теңдей кінәлі деген қорытынды жасаған. Құзырлылар жұмысшы нұсқамадағы өз міндетімен толық таныспаған, ал кәсіпорын басшылығы арнайы формамен қамтамасыз етпеді деп түйген. Олар өрттің шығуына оператор болған Ерболаттың қалтасында ұялы телефон себеп болуы мүмкін деген де дәйек келтірген. Алайда ресми түсінік беруден бас тартты. Бірақ, жарақат алған жас жігіт те, оның туыстары да бұл қорытындымен келіспейді. Қазір аталған жайтқа байланысты Сайрам ауданының ішкі істер басқармасы тергеу жүргізіп жатыр.

Серіктестер жаңалықтары