Түркістан облысында 610 млн теңгеге салынған мектеп 2 ай оқуға ғана жарады

Білім ошағының жертөлесі суға толып, электр жарығы мен жылуы да іске қосылмай қалған.

Түркістан облысында бюджеттің 610 миллион теңгесіне салынып, биыл пайдалануға берілген жаңа мектеп бала оқытуға жарамай қалды. Білім ошағының жертөлесі суға толып, электр жарығы мен жылуы да іске қосылмай қалған. Ал оқушыладың бәрі қайтадан ескі мектепке көшірілген, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Биылғы оқу жылын Сайрам ауданына қарасты Қарасу елді мекенінің шәкірттері жаңа мектепте бастаған. Бірақ, арада екі ай өткенде оқушылар ескі білім ошағына қайта көшірілді. 

"Жарық жоқ, жылу жоқ. Балалар жаңа мектепте оқи алмай қалды. Ауданның да, ауылдың да әкіміне айттық, барлық жауаптылар мен мектеп басшылығына мәселені талай көтердік. Бірақ, әлі шешілмей келеді", – деді ата-аналардың бірі Нина Марченко. 

Айға жуық қаңырап бос қалған жаңа мектептің жертөлесіне бүгінде су толып қалған. Мұғалімдер арна тілшісіне судың деңгейін күрекпен өлшеп, көрсетіп берді. Алайда, ата-аналардың айтуынша, жертөленің қауіптілігі тек суда ғана емес, онда орнатылған электрді бөліп тарататын құрылғыда болып отыр. Әзірге ол өшірілген. Дегенмен толассыз жауған жауын жертөледегі су деңгейін көтеріп барады деген ата-аналар бұл ғимаратта бала оқыту қауіпті екенін айтады.

"Балалар сыймағаннан кейін күз кезінде осында оқытты. Қыс басталып, жаурағаннан кейін қайтып артқа (ескі мектепке – ред.) қайтарды. Мектептер апатты жағдайда. Бұны сарапшылар апатты жағдайда деп шешім шығарған", – дейді ата-ана Досбол Әбдібай.  

Ал әзірге балалар ХХ ғасырдың басында салынған ескі мектепте оқуға мәжбүр. Арна тілшісінің хабарлауын,а ескі мектеп те қауіпті: едені аршылып, тақтайлар морт сынуға шақ тұр, қабырғалары да қарс айырылған, ұзыннан түскен сызаттарға саусақ сыяды. Ұстаздар мектептің төбесін тек ескі ағаш бөренелер ұстап тұрғанын жасырмайды. Соған қарамастан мұнда 500-ден астам бала үш ауысымда оқиды. Ата-аналардың айтуынша, сабақтардың кейбірі қашықтан оқуға көшірілген. 


Оқи отырыңыз:


"Жекеменшік мектепте оқыта тұрмасақ, басқа амалымыз жоқ. Бірақ, бұл ғимараттың апатты деген қорытындысы жоқ", – деді Сайрам ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Гүлнар Тәттімбаева.

Бірақ, ата-аналар баласын жекеменшік мектепте оқытуға үзілді-кесілді қарсы. Олар жаңа мектептің жөндеуін жеделдетуді талап етіп отыр. Ал құрылыс басқармасының басшылығы жертөле суын шұғыл сорғызып, қашыртқылар орнатылатынын айтады.

"Ретке келтіруге болады. Бұл жерде бастысы конструкцияда ешқандай ақау жоқ. Сызат түспеген. Мектептің шатырынан су ағып жатқан жоқ", – деді Түркістан облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Төлегенов.

Құрылыс сапасына мердігердің 5 жылдық кепілдік мерзімі бар деген жауаптылар алдағы 10 күнде олқылықтың барлығы түзелетінін айтып отыр.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

 Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале

Серіктестер жаңалықтары