Түркі мемлекеттері ұйымы Мүфтилер алқасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған "Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы" халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының үндеуін қабылдады.
"Біз Түркі мемлекеттері ұйымы мүфтилер алқасының мүшелері – Бас мүфтилер, дін қайраткерлері, ғалымдар және "Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы" халықаралық ғылыми-теориялық конференциясына қатысушылар ҚР президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Ислам дінінің Ұлы дала төрінде тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің кемеңгер пірі Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеу бағытындағы бастамаларын қолдаймыз", – делінген үндеуде.
Оқи отырыңыз: "Қапшағай" мешітінің наиб имамы: Домбыра ешқашан жамандықтың құралы болмаған
Құжатта түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған "жол картасын" әзірлеуді, келешекте соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының "Цифрлық кітапханасын" құру жоспарланып отырғаны айтылған.
"Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық мектебінің көрнекті өкілі, ғұлама, әулие бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің түркі жұртының рухани тарихында айрықша орны бар екенін ескере келе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ихсан ілімін насихаттау бағытындағы бастамаларын қолдай отырып, барша дін қызметкерлерін ихсан ілімін ұстану бағытында белсенді болуға шақырамыз", –деп жазылған үндеуде.
Айта кетейік, Мүфтилер алқасының V мәжілісінде, сондай-ақ "Ислам жергілікті халық дәстүрін қолдайды" құжаты да қабылданды.
"Дін мен дәстүрдің сабақтастығы түркі халықтарының мәдениетінде ерекше орын алады. Біз осы маңызды мәселені шариғи тұрғыдан халыққа түсіндіруді жөн санаймыз. Біздің мақсатымыз – сан ғасырлардан бері қалыптасқан дәстүрлі діни танымымызды жаңсақ жорамалдардан қорғау. Дін мен дәстүрімізден бүр жарған ұлттық болмысымызды, әдет-ғұрпымызды сақтау. Ежелден қалыптасқан мұсылманшылық дәстүрлерімізді, мәзһабымыз бен мектебімізді қайта жаңғыртып, ғасырлардан жеткен мұраларымызға ие болу. Қоғамды ынтымаққа ұйытатын, бірлікке бастайтын құндылықтарды қадірлеу. Дәстүрінен, дінінен, ділі мен тілінен, әдет-ғұрпынан ажыраған елдің болашағы жоқ. Сол үшін рухани құндылықтарымызды құнттай білу аса маңызды", – делінген бұл құжатта.
Оқи отырыңыз: "Өз болмысыңмен үлгі болу керек". Бас мүфти облыс бас имамдарына насихат айтты