"Қапшағай" мешітінің наиб имамы Ринат Маратұлы ҚМДБ ресми сайтындағы мақаласында Ислам діні мен қазақтың салт-дәстүрі арасындағы байланыс туралы айтты.
Оның сөзінше, қоғамда салт-дәстүр бен әдет-ғұрыпты, қазақ халқының мәдени және рухани құндылықтарын мойындамай, ел арасына іріткі салып жүрген топтар бар. Олардың мақсаты – халықты дәстүрлі өмір салтынан жаңылдырып, ата-бабамыз салған сара жолдан адастыру.
"Бұл үрдіске қарсы тұра білудің бірден-бір жолы – жастардың бойына салт-дәстүрімізді сіңіріп дәріптеу, оларды адамгершілікке, сүйіспеншілікке және еліне, жеріне, дініне жанашыр азамат етіп тәрбиелеу. Халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары "көненің көзі" ғана емес, аңсап, сусап үйренетін, тәлімдік, тәрбиелік өнегеге айналуы керек... Қазақ – үлкенге құрметі, кішіге ізеті бар, аманатқа қиянаты, ешкімге жәбірі жоқ, жесірін өгейсітпеген, жетімін шеттетпеген, туған-туыс, көршінің хақысын беретін, адал мен арамның аражігін білетін халық", – деп жазды Ринат Маратұлы.
Оқи отырыңыз: Домбыра харам ба? ҚМДБ мәлімдеме жасады
Наиб имамның сөзінше, шариғат халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптарға ешқашан тыйым салмаған. Ғұрыппен әмір ету – дініміз рұқсат берген істің бірі.
"Асылында қазақ тіліндегі ғұрып, әдет сөздерінің түп-негізі шариғат терминдері. Мұның өзі халқымыздың шариғатпен сонау ықылым замандардан таныс болғандығын білдіреді. Қазақша "ғұрып" сөзі "әл-ъурф" сөзінен шыққан. "Әдет" сөзі арабтың "әл-ъаада" сөзінен бастау алады. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді. "Дәстүр" сөзі де арабша "дустур" деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді", – деп түсіндірді дін өкілі.
Оқи отырыңыз: "Домбыраны харам дейді". Депутат жастардың ұлттық құндылықтарды білмейтінін айтты
Ринат Маратұлының сөзінше, өкінішке қарай, соңғы кездері нақты діни білім алмаған кейбір жас буын өкілдері дәстүрге қарсы шығып, халықтың наразылығын тудыруда.
"Халқымыз қастер тұтқан, жаугершілік заманда батырларды Отанды қорғауға үндеген, жиын-тойларда жұртты ізгілікке шақырған төл аспабымыз – домбыра ешқашан жамандықтың құралы болмаған. Үлкендерге сәлем салып, ізет көрсетудің көркем үлгісін паш еткен келіндеріміз дуалы ауыз қариялардың ақ батасын алуға тырысқан. Бұл – Аллаға серік қосу емес, үлкен құрметтің белгісі. Сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан тәрбиелік мәні зор ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығару – үлкен қателік. Құран мен хадистің негізгі мұрат-мақсатын ұғынбаған кейбір жастар астарлы мағынадағы аяттарды тікелей түсініп, қателікке бой алдыруда", – деді Ринат Маратұлы.