Кейінгі жылдары елімізде жас ғалымдарды қолдау бағытында маңызды бастамалар жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурстарының көбеюі, халықаралық тағылымдамаларға жол ашатын бағдарламалар, ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың артуы және халықаралық журналдарда жарияланымды қолдау ғылыммен айналысатын жастар үшін үлкен мүмкіндік болып отыр.
Қазақстанда ғылыми зерттеулерді 400-ден астам ұйым жүргізеді, ал ғылым саласында 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың 46%-ын жас ғалымдар құрайды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, ғылымды қаржыландыру алты жыл ішінде бірнеше есеге өсті. Бүгінде жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді, алайда оны жұмсау барысында қатаң тәртіп пен басымдықтарды айқындау қажет.
"Бүгінде ғылымның құндылығы жарияланған мақалалар санымен емес, оның өндіріске енгізілген жаңалықтарымен, экономикаға қосқан үлесімен және азаматтардың өмір сапасына тигізген нақты әсерімен өлшенеді. Қазақстан өзге елдердің ғылыми жетістіктерін тұтынушы ғана емес, жаңа білім мен технология өндіретін мемлекетке айналуға тиіс. Бұл үшін ғылымды экономиканың нақты секторымен ұштастыру, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруды күшейту және зерттеу университеттерін инновацияның жетекші орталықтарына айналдыру – министрліктің негізгі міндеттерінің бірі", – деді Саясат Нұрбек.
Қазақстандық ғалымдардың халықаралық тәжірибе алуын қолдау мақсатында шетелдік ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы іске асырылып келеді. Жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Ғылыми қызметкерлердің жалақысы да артып келеді.
Мемлекет қолдауына ие болып отырған жас ғалымдардың бірі, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ғылыми қызметкері және PhD кандидат – Нұрболат Тоқтамыс.
Нұрболат ғылыми-зерттеу жұмысын химияны оқыту әдістемесін заманауи технологиялармен ұштастыруға бағыттаған. Ол "химия-биология" мамандығын аяқтаған соң 2021-2022 жылдары "Болашақ" халықаралық стипендиялық бағдарламасының жеңімпазы атанып, Ұлыбританиядағы Warwick университетінде магистр дәрежесін тәмамдаған.
"Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпазы атандым. Жоба командасында алты тұрақты маман жұмыс істейміз. Гранттық жобамыздың тақырыбы: "Білім беру үдерісінде интегративті тәсілді жүзеге асыру жағдайында химия және биологияны оқытуда виртуалды және толықтырылған шындық технологияларын қолданудың әдістемелік аспектілерін әзірлеу". Бұл жоба мектеп мұғалімдеріне арналған жаңа әдістемелік ұсынымдар әзірлеуге және VR/AR технологияларын оқу процесіне тиімді енгізуге бағытталған", – деді Нұрболат Тоқтамыс.
Ол ғылыми тәжірибесін халықаралық деңгейде жетілдіру мақсатында бірнеше шетелдік тағылымдамадан өткен. Қазақстанда және шетелде өткен оннан астам халықаралық ғылыми конференцияда баяндама жасаған.
"Мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көріп отырмын. "Болашақ" халықаралық бағдарламасы арқылы Ұлыбританияда білім алуым, кейін жас ғалымдарға арналған ғылыми грантты жеңіп алуым – елімізде ғылымға жүйелі қолдау көрсетіліп жатқанын дәлелдейді. Сонымен қатар, ғылымның болашағы тек қаржыландырумен ғана шектелмейді. Жас зерттеушілердің халықаралық ғылыми байланыстарын кеңейту, заманауи зертханалардың қолжетімді болуы, өндіріс пен ғылым арасындағы байланысты күшейту және мектептен бастап ғылыми мәдениетті қалыптастыру келешекте басым бағыттардың бірі болуға тиіс", – деді жас ғалым.
Бірде бір ел жасанды интеллектіні тұтынумен шектелмеуге тиіс – Тоқаев
Тоқаев жасанды интеллект экономикасының болашағы туралы айтты