Тікелей эфир

Тұрғын үй саласы маманы: "Пәтер алған кезде аумағын өлшеп алыңыз"

Тұрғын үй саласының мамандары жаңа баспана алғанда пәтер аумағын өлшеп алуға кеңес береді.

Соңғы кезде құрылыс компанияларының үй аумағын әлдеқайда азайтып жібергеніне шағым айтушылар көбейген. Бұл мәселені мәжіліс мінберінен депутаттар да көтерген болатын, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Мамандар құны 24 миллион теңге тұратын 60 шаршы метр пәтердің көлемі небәрі 58,2 шаршы метр болса – сатып алушы шамамен 720 мың теңгеге ұтылатынын айтады. Осылайша, қаншама адам құрылыс компанияларына жем болып жатыр.

Алдағы уақытта бұл жағдай өзгеруі мүмкін. Депутаттардың сауалына вице-премьер Роман Скляр жауап берді. Премьер-министрдің орынбасары егер мердігерлер тұрғын үй алаңын 3 пайыздан артық азайтуға жол берсе, уәкілетті компания жобалау-сметалық құжаттамадан және шарттан ауытқығаны үшін жауапты болатынын жеткізді. Сарапшылар депутаттардың көтерген мәселесі орынды деп отыр.


Оқи отырыңыз: Пәтер сатып алғанда алаяқтарға алданбас үшін қандай құжаттар талап ету қажет?


"Бұл 20 жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Кейде жобалаушылар, кейде құрылысшылар кемшілік жіберіп жатады. Келісімшарт жасағанда 5 пайыздық ауытқуларға жол берілген. Мәселен,  пәтер аумағы 5 пайызға артық болып кетсе – сатып алушы қосымша ақша төлемейді. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі деп айта алмаймын. Егер шаршы метр шартта көрсетілгеннен аз болған жағдайда құрылыс компаниясы артық ақшаны қайтаруы керек", – деді Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.

Серіктестер жаңалықтары