Алматыда қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағдарламасы аясында биылғы алғашқы жартыжылдықта тоғыз нысандағы негізгі көркейту жұмыстары аяқталды. Қазір бұл аумақтарда соңғы әрлеу және түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, пайдалануға дайындалған нысандар қатарында:
- Достық даңғылы;
- Пушкин көшесі;
- Сайран көлінің жағалауы;
- Геологтар аллеясы;
- "Оңтүстік" саябағы;
- Баум тоғайы;
- FLOW PARK;
- Республика алаңы;
- "Атакент" іскерлік ынтымақтастық орталығы алдындағы алаң бар.
"Көркейту барысында жаяу жүргіншілер аймақтары жаңартылып, сыртқы жарықтандыру және автоматты суару жүйелері орнатылды. Сонымен қатар көгалдандыру жүргізіліп, балалар және спорт алаңдары, демалыс орындары мен шағын сәулеттік нысандар салынды. Бағдарламаның келесі кезеңі аясында 2026 жылдың соңына дейін Тұңғыш Президент саябағын қайта жаңғырту, сондай-ақ Тимирязев, Мәсанчи, Сейфуллин, Жароков, Жандосов, Розыбакиев, Сәтбаев көшелері мен Абай даңғылын көркейту жоспарланған. Ал Н. Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театры маңындағы скверді абаттандыру жұмыстары тамыз айының соңына дейін аяқталады", – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, қалада балаларға арналған Ғылым музейінің құрылысы жүріп жатыр. Нысанды биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделген. Сондай-ақ Әуежай көлі аумағын қайта жаңғырту жобасы басталды. Онда тұрғындарға арналған заманауи демалыс аймағы жасалады.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, барлық нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы күн сайын бақылауда, бұл жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді.