25 тамыздан бастап Алматыда электросамокаттарды пайдалану тәртібіне қатысты жаңа талаптар қолданыла бастады. Өзгерістер самокатпен қай жерде жүруге болатынын және жалға берілетін көліктерге қойылатын талаптарды нақтылайды, деп хабарлайды қалалық полиция департаменті.
Жаңа талап бойынша электросамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге болмайды. Ал жолдың көлік жүретін бөлігіне тек 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және қорғаныш дулығасы бар азаматтарға шығуға рұқсат етіледі.
"Негізгі өзгеріс – электросамокаттардың тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Ал жолдың көлік жүретін бөлігіне тек кәмелетке толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және қорғаныш дулығасы бар азаматтарға ғана шығуға рұқсат етіледі", – деді Абдинұр Тасыбаев.
Тәуліктің қараңғы уақытында самокат жүргізушілері жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалануға тиіс. Электросамокатпен жолаушы және жүк тасымалдауға тыйым салынады. Жаяу жүргіншілер өткелінен өткен кезде самокаттан түсіп, өткелден жаяу өту қажет.
Ал жалға берілетін электросамокаттарға тіркеу нөмірі мен міндетті сақтандыру болуға тиіс. Кикшеринг компаниялары көліктердің техникалық жағдайын, жылдамдығын және орналасқан жерін бақылауға міндеттеледі.