Тікелей эфир

"Тоққа түсіп көз жұмғанын айтпаңдар деді". Шымкентте 9-сынып оқушысының туыстары әділдік іздейді

Жасөспірімнің туыстары 15 жасқа енді толған қыздың денсаулығында еш кінәрат болмағанын айтып отыр.

Шымкентте 9-сынып оқушысының өліміне қатысты тергеу анықтамасы өзгерген. Бірінші хаттамада Ақару Құралбайдың "электр тоғы соғып" қайтыс болғаны туралы, екіншісінде "беймәлім жағдайда" көз жұмды деп жазылған. Ал туыстары марқұмның еден жуып жүргенде электр тоғы соғып көз жұмғанын айтады, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы. 

"Еден жуып жүріп үстелдің астындағы тоққа түскен екен. Содан "тоқ ұрған" деп айтты. Полиция мен жәдел жәрдем шақырттым. Кейінгісі қызымның қайтыс болып кеткенін айтты", – деді марқұмның анасы Бибайша Құттыбаева. 

Марқұмның туыстарының айтуынша, Ақару Құралбайдың жұмыстастары жедел жәрдем шақыртқанда "тоқ соқты" деп айтқан. Алайда артынша "фастфуд" басшылығы "қыздың энергетик сусынды шамадан тыс пайдаланғаннан жүрегі тоқтағанын" алға тартқан. 

Жасөспірімнің туыстары 15 жасқа енді толған қыздың денсаулығында еш кінәрат болмағанын айтып отыр.

"Еден мен бұрыштың барлығы май болып жатады. Маған соның барлығын жу дейтін. Еден жуып болған соң, артынша ыдысты да жуғызады", – деді марқұмның сіңлісі Айару Құралбай. 


Оқи отырыңыз: "Баланы балаға бақтырады". Қараусыз ұрпақ қауіпсіздігіне кім жауапты?


"Фастфуд" басшылығы Ақаруға күнделікті 4 мың теңге төлеуі тиіс. Марқұмның туыстарының айтуынша, басшылық соңғы кездері тиісті жалақысын да бермеген. Қайғылы оқиғадан кейін кешірім сұрап келгендер де болмаған. 

"Даймонд плазаның" әкімшісі қызымыздың тоққа түсіп көз жұмғанын ешкімге айтпауды сұрап отыр. Жазбасы сақталып тұр. Видеода "Ішін тазалап қойыңдар. Қазір электрик жібереміз, тоқты тағы бір тексеріп өшірсін. Оған дейін кірмеңдер" деп айтады", – деді марқұмның нағашы ағасы Жеңісхан Қалыбай. 

Қазір ойын-сауық орталығы жұмысын жалғастырып жатыр. Бірақ "фастфуд" әзірлейтін орын уақытша жабылған. Аталған жәйт бойынша іс қозғаған Қаратау аудандық полиция басқармасы марқұмды алғашында электр тоғы соққаннан қайтыс болды десе, кейіннен өлім себебі белгісіз деп отыр.

"Белгісіз жағдайда қайтыс болғаны анықталды. Қазіргі таңда бұл жайт бойынша Қаратау аудандық полиция басқармасымен ҚР ҚК 156 бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Яғни, еңбек қағидасын бұзу салдарынан адам өліміне алып келген оқиға бойынша", – деді Қаратау аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімі бастығының орынбасары Аянхан Омаров. 


Оқи отырыңыз: "Тек жарты бөтелке арақ іштім". Алматы облысында көлікпен оқушы қыздарды қаққан жүргізуші сот алдында жауап берді


Заңгер 16 жасқа толмаған жасөспірімді еңбекке тарту, оның үстіне қаражатқа жауапты кассир қызметіне тағайындаудың өрескел заң бұзушылық екенін айтып отыр. Ал полицейлер бұған қатысты әкімшілік жаза қарастырылғанын мәлімдеді. 

Серіктестер жаңалықтары