Қазақстан Халық Кеңесі Құрылтайға балама емес. Екі институт бір-бірінің қызметіне араласпай, өзара толықтырып, бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, Халық Кеңесінің мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыстармен айналыспайды және депутаттардың қызметіне араласа алмайды. Сол сияқты Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуына заң бойынша құқық жоқ.
"Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екі институттың алдында тұрған мақсат ортақ екенін атап өтті. Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді жұмыс істеуі қажет.
"Алдымызда тұрған мақсат та – бір, Отанымыз да – бір. Сондықтан бәріміз біртұтас ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Қазақстан халқы үшін табанды қызмет етуіміз керек", – деді президент.
Тоқаев заң жобаларын әзірлеу кезінде жұртшылықтың ой-пікірі мен талап-тілегін толық ескеру маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, Құрылтай мен Халық Кеңесінің бірлескен жұмысы мұндай мүмкіндікті кеңейтеді.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің, өңірлік мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.