
Мемлекет басшысы "Ана тілі" басылымына берген сұхбатында доллардың нығаюына байланысты оның құнының 500 теңгеден асып кеткеніне қатысты сауалға жауап берді.
"Қазақстан әлем экономикасының ажырамас бөлігі болғандықтан, теңгеге сыртқы факторлар әсерін тигізбей қоймайды. Доллардың нығаюынан дамушы елдердің валютасы қысым көреді. Зер салып қарасақ, көптеген мемлекеттің валютасы қараша айынан әлдеқайда бұрын әлсірей бастады. Ал теңгенің бағамы ұзақ уақыт тұрақтылығын сақтап тұрды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартқанына біраз уақыт болғанын және нарық факторларына байланысты еркін бағам қалыптастыру жолын таңдағанын еске салды.
Оқи отырыңыз:
- "Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді". Тоқаев Назарбаев дәуірінің кемшіліктері туралы айтты
- Қазақ тілін білу сәнге айналды – Тоқаев
"Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын. Нарыққа қатысы бар кейбір құрылымдар теңге бағамын басқаруға қолайлы ету туралы ұсыныстар айтып жүр. Ұлттық банк пен Үкімет оның бәрін мұқият қарастырып жатыр. Мәселені зерделеген соң бұл бағыттағы ұстанымымызды өзгерту қажет пе деген сауалдың жауабы белгілі болады. Басты мақсат – экономиканың тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, нақты секторды қарқынды дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашу", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалайтынын атап өтті.
"Олар халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейді, алайда нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұр. Қазір өңірлердегі ахуалды және экономиканың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін, яғни жергілікті жерде еңбек етіп, ысылған мамандар қажет. Былтыр 17 желтоқсанда премьер-министр Олжас Бектеновпен кездескенде осы мәселені талқыладық", – деді президент.