Тікелей эфир

"Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді". Тоқаев Назарбаев дәуірінің кемшіліктері туралы айтты

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Тоқаев Назарбаевпен шамамен айына бір рет телефон арқылы сөйлесіп тұратынын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" басылымына берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен кезде өршіген қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіме  туралы жауап берді. 

"Кез келген дәуірдің жақсы жағы да, көлеңкелі тұстары да бар. Біздің жаңа тарихымызда жарқын сәттер әлдеқайда көп болды. Бұл – ақиқат. Салыстырмалы түрде алғанда, қысқа мерзім ішінде мемлекеттігіміздің берік тұғыры қалыптасты, билік институттары құрылды, жаңа астанамыз бой көтерді, шекарамыз шегенделіп, заң жүзінде бекітілді. Көптеген елмен тиімді қарым-қатынас орнатылды, экономикаға шетелден инвестиция тартылды. Осы жетістіктің бәрін жоққа шығару дұрыс болмас еді. Біз әділетті мемлекет құрамыз десек, тарихқа да, оны жасауға атсалысқан азаматтарға да әділ қарауымыз керек", – деді президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұның бәрі, түптеп келгенде, ұлттың болашағы үшін қажет. Саяси ахуалдың ықпалымен өз тарихыңды көпе-көрінеу бұрмалай беруге болмайды. Ел шежіресін басынан бастап қайта жазу тіпті қауіпті.


Оқи отырыңыз: Президент ұшақ апаты кезінде көмектескен әрбір жанға алғыс айтты


"Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған уақытта кемшіліктер болды. Бірақ ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Ашығын айту керек, ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Мұны да айта кеткен жөн. Үнемі Премьер-Министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын. "Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады" деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президенттің сөзінше, бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соққан. 

"Шенеуніктер де кабинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болатын. Ол аз десеңіз, кейбір шенеуніктер "Елбасы институты Президент билігінен жоғары тұруға тиіс" деп, ақылға сыймайтын жағдайды заң жүзінде негіздемек болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады. Соның алдында ғана жергілікті бір саясаттанушы оған "Елбасының алтын дәуірін" қалпына келтіру үшін батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, арандатушылық мазмұндағы хат жолдаған еді", – деді мемлекет басшысы.


Оқи отырыңыз: Алдағы бес жылдық дамуымыздың берік негізін қаладық – Тоқаев


Дегенмен, президент қазір парасаттылық танытып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген тарихи еңбегін лайықты бағалау керектігін атап өтті. Оның айтуынша, президент ретінде мемлекет мүддесін басшылыққа алуға, ел бірлігін бәрінен биік қоюға міндетті.

"Сіздің сұрағыңызға келсек, қазір біз шамамен айына бір рет телефон арқылы сөйлесіп тұрамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Серіктестер жаңалықтары