Қасым-Жомарт Тоқаев сумо балуаны Ерсін Балтағұлды қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесуде мемлекет басшысы сумо спортының отаны – Жапонияда зор жетістікке жеткен қазақстандық спортшыны құттықтады. Ерсін Балтағұл былтыр Император кубогында "маэгашира" атағын иеленіп, жарыс қорытындысы бойынша "Канто-се" (жауынгерлік рух) арнайы жүлдесін алған болатын.
Президент аталған марапат табандылық пен қажырлы еңбектің жемісі екенін атап өтті. Сондай-ақ бүгінде шет мемлекеттерде елімізді танытып жүрген жастардың көбейіп келе жатқанын айтып, мемлекеттің таланттар мен спортты қолдауға ерекше мән беретінін жеткізді.
"Жапонияға барған сапарымда сізді Императордан бастап қарапайым халыққа дейін бәрі танитынын, құрметтейтінін байқадым. Бұл – зор мәртебе. Жапонияда тұрсаңыз да қазақтың атын шығарып, еліміздің беделін биіктетіп жүрсіз. Сізге ерекше ризашылығымды білдіремін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ерсін Балтағұл көрсетілген құрмет үшін алғысын айтып, алдағы уақытта еліміздің жас спортшыларымен кездесуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар ол Қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған отандасымыз Михаил Шайдоровтың жетістігін атап өтіп, барша қазақстандықтарды құттықтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласындағы елеулі еңбегі үшін сумошы Ерсін Балтағұлды ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады.
USD:
463.1 / 465.9
EUR:
543.0 / 548.0
RUB:
6.05 / 6.17