"Бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсетеді". Тоқаев "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ-ға қатысты мәлімдеме жасады

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Президент Конституцияның негізгі ережелерін сақтамағандар "Заң мен Тәртіп" қағидатына сәйкес қатаң жазаланатынын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында "Самұрық Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мен "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

"Кеше еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары "Самұрық-Қазына" қоры мен "Қазақстан темір жолы" компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы мәлімет таратты. Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай. Жалпы, заң бойынша тергеу мәселелерін жариялауға немесе ашып көрсетуге болмайды. Оның үстіне тергеу жұмысы да енді басталды. Алайда қазірдің өзінде мына нәрсені анық айтуға болады: бұл – біз "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасын жариялап, оны Конституциямызда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент Конституцияның негізгі ережелерін сақтамағандар "Заң мен Тәртіп" қағидатына сәйкес қатаң жазаланатынын айтты.

"Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы, бұл – халқымыздың құқықтық төлқұжаты. Сондықтан Конституцияны күлкі қылу, оның негізгі ережелерін менсінбеу халқымызды кемсітумен бірдей. Ондай әрекет жасағандар "Заң мен Тәртіп" қағидатына сәйкес қатаң түрде жазаға тартылатын болады. Мәселе мемлекетіміздің абыройы, қоғамның ұлттық институттарға деген сенімі, Қазақстанның халықаралық беделі туралы болғанда біз, халық билік ету өкілдігін берген тұлғалар, ұлт мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек етуіміз керек, сол үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл – азаматтық және саяси борышымыз. "Самұрық-Қазына" қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқарады, ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асырады, аса ірі шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Түптеп келгенде, кез келген келісімнің, серіктестіктің артында ұзақ жылдар бойы жасалатын көптеген келіссөздер, соның ішінде халықаралық қауымдастықтың елімізге деген үлкен сенімі мен мемлекетімізге жүктелген нақты міндеттер тұрады", – деді мемлекет басшысы.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау