Тікелей эфир

Тоқаев: Сайлау саяси жүйені түбегейлі өзгертетін кезеңді бастап береді

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасады.

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Сайлау 20 қараша күні өтеді. Осыған орай президент Қазақстан халқына үндеу жасады.

"Биылғы жыл жан-жақты реформалар мен нақты өзгерістер жылына айналды. Маусым айында өткен референдумның нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Мемлекет "күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" қағидасын берік ұстанады", – деді президент.

Президент мәжіліс пен мәслихаттар жаңа аралас жүйе бойынша жасақталатынын, депутаттардың бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны бір мандатты округтен сайланатынын атап өтті. Сонымен қатар саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, тіркеудің қажетті шегі төмендетілгенін, сайлау алдындағы партиялық тізімді жасақтау және  депутат мандаттарын бөлу кезінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілгенін, саяси партиялардың мәжіліске өту шегі де 7-ден 5 пайызға төмендегенін, сайлау бюллетендеріне "бәріне қарсымын" деген баған қосылғанын еске салды. Парламенттік оппозиция институты құрылғанын атап өтті.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді


"Конституциялық сот құрылып, алдағы қаңтар айынан жұмыс істей бастайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды. Биліктің бірқатар өкілеттігі қайта бөлініп, кейбір құзыреттер президенттен парламентке берілді. Енді өңірлердің әкімдері баламалы жолмен таңдалады. Конституцияға жер және оның қойнауы халыққа тиесілі деген бап енгізілді", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы ережені жүзеге асыру үшін "Ұлттық қор – балаларға" деген жаңа бағдарлама ұсынғанын айтты.


Оқи отырыңыз: "Ұлттық қор – балаларға" жаңа бағдарламасы іске қосылады


"Конституциялық реформа – мен мемлекет басшысы болып сайланғаннан бері жүзеге асырып жатқан ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасының ажырамас бөлігі. Осы бағдарлама аясында бейбіт жиналыстарды өткізу үшін алдын-ала ескерту тәртібі енгізілді. Қылмыстық кодекстің 130-бабы қылмыстық деп танылмайтын болды, 174-бабы ізгілендірілді. Өлім жазасы жойылды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілдері енгізілді. Сондай-ақ басқа да көптеген тың бастамалар жүзеге асырылды. Жалпы, соңғы үш жылда жасалған өзгерістер мен конституциялық реформа мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісін қалыптастырды", – деді мемлекет басшысы.

Президент сол себептен Қазақстан халқына жолдауында сайлау мерзімін жария түрде және ашық айтқанын жеткізді. Сайлау науқаны елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастайтынын айтты.

"Осылайша, біз басты мемлекеттік институттар – президент, парламент, үкімет және мәслихаттардың бәрін біртіндеп қайта құрамыз. Осы бастамалар жарияланғаннан бері бір айға жуық уақыт өтті. Бұл – барлық мәселені байыппен талқылап, жағдайды бағамдауға жеткілікті мерзім. Халық біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр.  Сондықтан мен бұған дейін айтылған сайлаудың  мерзіміне және Ата заңның талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы жарлыққа қол қойдым. Осы науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап береді", – деді президент.


Оқи отырыңыз: "Ескі мен жаңаның арасынан таңдау жасаймыз". Президент жолдауының толық мәтіні


Қасым-Жомарт Тоқаев көп ұзамай қоғамға сайлау алдындағы тұғырнамасын ұсынатынын айтты.

"Онда әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейтін жаңа бастамалар айтылады. Мен мемлекет басшысы ретінде сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін. Оны отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізетін боламыз", – деді президент.

Мемлекет басшысы үндеу соңында барша азаматты жауапкершілігін сезініп, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстануға шақырды.

Серіктестер жаңалықтары