Прямой эфир Новости спорта

Тоқаев: Қытайға қарай "Аягөз – Бақты" темір жолы іске қосылады

Темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды. Сиань қаласындағы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі кезінде мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықты жоғары деңгейге шығаруға көмектесетін "Аягөз – Бақты" темір жолының іске қосылатынына тоқталды.

Мұнымен қатар, президент әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

"Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке – 31 миллиард долларға жетті. Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Құйылған инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард доллардан асты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай дөңгелек үстелінде келесі нәтижелер мен жоспарларды жария етті:

  • Біздің еліміз Қытайдың "Бір белдеу – Бір жол" бастамасын жүзеге асыру ісінде негізгі серіктестің бірі болып отыр. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алады.
  • Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту барысында осы орталық негізгі хаб болады.
  • Біз Қытайға қарай "Аягөз – Бақты" темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. "Достық – Мойынты" арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады.
  • Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды деп санаймын. Бұл бағыттың болашағы зор. Өйткені, Қытайдан Еуропаға апаратын төте жол – осы. Оның ұзындығы "Солтүстік дәлізден" 2,5 мың шақырымға қысқа.
  • Қазақстан Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен бірлесіп, бірыңғай тариф саясатын қалыптастыруға кірісті. Сонымен қатар, ортақ цифрлық платформа жасалады. Осы дәліз арқылы жүк тасымалдаудың басқа да мәселелері шешімін табады.

Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қазақстанда Қытайдың ірі техникалық университетінің филиалын ашуға мүдделіміз


  • Қазақстан қытай туристері үшін тартымды бағыттың бірі бола алады. Отыз күнге дейін визасыз жүру туралы Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл қадам елімізге Қытайдан туристердің көптеп келуіне жол ашары сөзсіз.
  • Жаңа туристік бағыттар ашып отырамыз. Қазір Қазақстанның 13 қаласына "Ашық аспан" режимі енгізілді. Сондай-ақ, 80 мемлекеттің азаматына визасыз келуге рұқсат берілді.
  • Қазір "Астана" халықаралық қаржы орталығында 73 елдің 1 800-ден астам компаниясы тіркелген. Оның оннан бірі – Қытай компаниялары. Бұл – басқа елдермен салыстырғанда ең жақсы көрсеткіш.
  • Жалпы, біздің елдегі инвестициялық ахуал өте жақсы. "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы шетелден инвестор шақырып, оларға "бір терезе" қағидаты бойынша көмек көрсетеді. Мемлекет басымдық берілген жобаларды барынша қолдауға дайын. 

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары