Тікелей эфир

Тоқаев: Нано және биотехнологияға негізделген өндіріс бізде мүлде жоқ

Президенттің айтуынша, Қазақстанда нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс мүлде жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында Қазақстандағы ғылымды қаржыландыру мәселесіне қатысты пікір білдірді.

"Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артты. Ал ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесі, керісінше, 0,13 пайызға төмендеді. Бұл қаражаттың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 70 пайызы бюджеттен бөлінеді", – деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалады. Қалған 18 пайызы ғана тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге арналған.

"Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз", – деді президент.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Ғылымды жан-жақты дамыту үшін жаңа заң қабылдау керек

Мемлекет басшысы машина жасау, мұнай-химия саласындағы, яғни төртінші деңгейдегі өндірістің үлесі – 34 пайыз екеніне назар аударды. Қалған 1 пайызы микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында немесе бесінші деңгейдегі технологиямен жұмыс істейді.

"Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде мүлде жоқ. Бұл жағдай көш соңында жүргенімізді көрсетеді. Ғылымның анағұрлым озық салалары бойынша тым артта қалып келе жатырмыз. Мен нақты цифрларды мысалға келтірдім. Оны мойындауымыз керек. Дамыған елдерде кәсіпорындардың тең жартысынан көбі – бесінші, ал 5 пайызы – алтыншы деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, біздің өндірістеріміз олармен салыстырғанда артта қалған. Бұл айырмашылықты жою – еліміз үшін өте өзекті мәселе. Сондықтан ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктестер жаңалықтары