Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының премьер-министрімен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Хан Сон Сукты Корея Үкіметінің басшысы болып тағайындалуымен құттықтап, аса жауапты қызметіне табыс тіледі.
"Бүгінде қазақ-корей қарым-қатынастары тұрақты түрде жақсы дамып келе жатыр. Стратегиялық әріптестігіміздің аясында қос тарап үшін де пайдалы болатын көптеген маңызды бастамалар жүзеге асырылуда. Сіздің еліңіз Қазақстанның он ірі сауда және инвестициялық серіктесінің қатарына кіреді. Қазақстанда корей капиталы бар 1 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ алдымызда тұрған жауапты міндет өте көп. Сіздермен бірге жоспарларымызды ойдағыдай іске асырамыз деп ойлаймын", – деді Қазақстан президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстанда оңтайлы іскерлік және инвестициялық климат жолға қойылғанын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Hanwha Group компаниясына Қазақстанды Орталық Азияға шығатын алаң ретінде пайдалануды ұсынды
"Елімізде Кореяның ірі корпорацияларымен қатар, шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсіппен айналысуына қолайлы жағдай жасалған. Осы бағытта қазақ-корей үкіметтері қажетті шараларды атқарып жатыр. Атап айтқанда, Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, сондай-ақ Іскерлік кеңес тиімді жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар қажетті құқықтық негіз қалыптасқан", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.