Алматыда ақылы автотұрақтарда төлем терминалының болмауы дауға ұласты. Жүргізушілер тұрақ ақысын мобильді аударым немесе QR-код арқылы төлеуі қажет. Алайда, мұндай мүмкіндігі болмаған жүргізушілер қалай айыппұлдан аман қала алады? Бұл сұраққа 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасының тілшілері жауап іздеген.
"Бүгінде көптеген ақылы автотұрақтар жүргізушілер құқығын аяқ асты етіп отыр. Яғни, төлем түрі ретінде тек мобильді аударым мен QR-кодты көрсетеді. Ал қолма-қол ақшаға арналған терминалды тұрғын іздесе таппайды. Есесіне жүргізушіге тұрақ ақысы төленбеді деп айыппұл келеді. Заңгерлердің айтуынша, азамат дәл осы айыппұлды айналып өтсе де болады. Өйткені бұл жағдайда қолма-қол төлем түрін ұсынбаған компанияның өзі кінәлі", – деп хабарлады арна.
Бұл ретте арнаға пікір берген заңгер Қуат Ауғанбек ҚР Әкімшілік кодексінің 597-бабының 4-бөлігі, 1-тармағына сүйене отырып, айыппұл заңда қарастырылғанымен, оның төлем түрі нақтыланбағанын алға тартады. Заңгер бұл мәселеде тұтынушылардың құқығы бұзылып отыр деп санайды.
Ал Алматының ақылы тұрағына жауапты "Алматы Паркинг" компаниясы үшін қолма-қол төлем жасауға арналған терминал орнату тиімсіз екені жазылған. Бұл ретте компания қолма-қол төлем жасау үшін "Касса24" және "Киви" сынды төлем терминалдары барын алға тартады.
"Қолма-қол ақшамен төлей алмаған жағдайда тұрақ ақысын түнгі сағат 12-ге дейін уақыт қарастырылған. "Касса24" және "Киви" сынды төлем терминалдары бар. Қалада олардың саны 4300-ден астам. Бізге өзіміздің паркоматтарды қою тиімсіз. Оның үстіне, көлік жүргізушілерінің 87 пайызы тұрақ ақысын мобильді жолмен төлейді", – деді "Алматы Паркинг" компаниясы директорының орынбасары Талант Тайынов.
USD:
505.9 / 508.9
EUR:
587.5 / 592.5
RUB:
6.47 / 6.59

