Елде төтенше жағдай енгізілгелі 3 мыңға жуық адам дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Оның ішінде 177 науқас медицина ұйымдарының қабырғасында көз жұмды, деп мәлімдеді ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният. Сондай-ақ, ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елдегі эпидахуалдың нашарлауының басты себебін атады.
"Қазір өзімізге де, айналамыздағы адамдарға да жанашыр болу керегіміз сөзсіз. Коронавирус зардабынан екі жыл ішінде 18 мыңнан аса адамымыздан айырылып қалдық. Ардақтыларымызды жоғалтқанымызды естен шығармауымыз керек. Қаталдау естілсе де, айту керек – бұл жағдайға сөз жоқ өзіміз кінәліміз. Тығылып қонаққа бару, мейрамхананың артқы есігінен кіріп той жасау, маска тағуды қажет деп санамау, санитарлық талаптарды қабыл көрмеу сияқты әрекеттеріміздің арқасында қаншама адамның қайтыс болғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Негізі "Тәртіп – тәрбие бастауы, тәртіпсіздік – өмірімнің қас жауы" деп бекер айтпаған шығар деп ойлаймын", – деді Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ, ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мемлекет деңгейінде локдаун енгізу жоспарланып отырған жоқ екенін мәлімдеді.
"Локдаун енгізу жоспарымызда жоқ. Себебі бүгін біз қолданып отырған барлық шектеу шарасы денсаулық сақтау саласына ауыртпалықты және өлім-жітімді азайтуға бағытталған. Жоспарлы жылдам көмектің халық үшін қолжетімді болуы да маңызды. Алдағы уақытта шектеу шаралары әр өңірдегі ахуалға байланысты өзгеретін болады", – деп түсіндірді Ажар Ғиният.
Мұнымен қатар, денсаулық министрі тәртіпсіздік кезінде қанша адамға медициналық көмек көрсетілгенін айтты.
"Елде төтенше жағдай енгізілгелі 2 739 адам медициналық көмекке жүгінді. Стационарларда 200 адам ем алып жатыр. Тағы 14 адамның жағдайы ауыр болып, жансақтау бөліміне түсті. Жалпы 177 науқас медициналық ұйымдарда көз жұмды", – деп қосты министр.
Еске салсақ, төтенше жағдай кезінде көз жұмған әскер қызметкерлерінің отбасына 5 жылдық қызметақысы төленетіні туралы хабарлаған едік. Мұнымен қатар, міндетін атқару барысында көз жұмған қызметкердің отбасына жерлеу үшін 3 айлық өтемақы беріледі.