Тікелей эфир

Тігінші, аспаз, күзетші. Қазақстанда сұраныс жоғары 10 мамандық қандай?

Тапшы кадрлардың төрттен бір бөлігіне арнайы білімсіз жұмысқа орналасуға болады.

Қазақстанда 134 мыңнан астам маман жетіспейді. Оның ішінде сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығының мамандықтары бар. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының "2023-2025 жылдарға арналған мамандарға қажеттілік" талдауында жазылған.

Иллюстрация: atameken.kz

Тапшы кадрлардың жартысын кәсіптік-техникалық білімі бар адамдар құрайды. Ал төрттен бір бөлігіне арнайы білімсіз жұмысқа орналасуға болады. Әр бесінші вакансияға жоғары білім қажет.

"Кәсіпкерлер арасында жалпы қажеттіліктің 70 пайыздан астамы жұмысшы мамандарға тиесілі. Заңгер, менеджер, экономист мамандарды іздейтін кәсіпкерлер аз. Айта кетейік, жұмысшы тобы – еңбекақысы төмен лауазымдарға жатады. Олардың жалақысы 115 мың теңгеден 184 мың теңгеге дейін болады. Табысының орташа деңгейі – 147 мың теңге", – деді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков.

Оның айтуынша, жұмысшы кадрлар арасындағы орташа еңбекақының ең жоғары индексі – 192 мың теңге. Ол Алматы  қаласына тиесілі. Ал ең төмені 115 мың теңгені құрайды. Бұл Түркістан облысына тиесілі.


Оқи отырыңыз: "Баланы өзіне емес, біреуге жұмыс істеуге тәрбиелейміз". Мамандық таңдаудағы қателіктер


Сонымен қатар, Тимур Нақыпбеков кейде сұраныс саны сол жылы университет бітіретін түлек санынан басым түсетінін айтты. Мысалы, өткен жылы Қазақстанның жоғары оқу орындары тек 359 маркетолог шығарса, ұлттық палатаның сауалнамасына сәйкес 1,2 мыңнан астам маркетинг маманына қажеттілік бар. Сонымен қатар "сәулет", "хореография", "қоғамдық денсаулық сақтау" сияқты мамандықтарға да қажеттілік жоғары.

Зерттеуге сүйенсек, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында шетелдік қызметкерлер көп. Олар – Ресей, Өзбекстан, Украина және Қытай азаматтары. Қазақстандық жұмыс берушілер оларды тігінші және тігін операторы, PR менеджер, қолөнерші, инженер, химия зертханашысы, автослесарь және IT-дизайнер сынды мамандықтарға жиі жұмысқа шақырады.

Айта кетейік, сауалнамаға 51 мыңнан астам кәсіпорын мен жеке кәсіпкер қатысқан.

Серіктестер жаңалықтары