Тікелей эфир

"Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты енді үздік волонтерлерге де табысталады

Грант алты бағыт бойынша берілетін болады.

Мәдениет және ақпарат министрлігі "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын беру қағидаларына өзгеріс енгізіп, оған үміт арта алатын азаматтар санатын көбейтуді жоспарлап отыр. 

Бұған дейін грант "Ғылым", "Мәдениет", "Ақпараттық технологиялар", "Бизнес", "Медиа" бағыттары бойынша беріліп келген болатын. Жаңа өзгерістерге сәйкес, енді волонтерлер де "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын ала алады. 

"Қазіргі таңда халық арасындағы әртүрлі нысаналы топтарымен және санаттарымен өзара іс-қимыл жасауда волонтерлік қызметінің рөлі аса ауқымды. Бүгінгі күні Республика бойынша волонтерлердің саны 240 мыңнан асқан. Осы орайда еліміздегі волонтерлік саланы қолдау мақсатында грант бағыттарының тізбесіне волонтерлікті қосу орынды" делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің түсіндірмесінде. 

Сондай-ақ, Қазақстанда танылып үлгермеген талантты жастардың жаңа идеялары мен бастамаларын қолдау мақсатында бұрын грант алғандардың байқауға екінші мәрте қатысуына тыйым салынады. 

Еске салайық, 2023 жылғы "Тәуелсіздік ұрпақтары" грант иегерлері желтоқсанда анықталды. Жалпы саны 30 адам "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын иеленді. 


Оқи отырыңыз: "Тәуелсіздік ұрпақтары": Алматы жастарына инновациялық идеясы үшін грант беріледі


 

Серіктестер жаңалықтары