Алматы қаласының экобелсенділері халықты ірі және бұқаралық іс-шараларда әуе шарларын пайдаланудан бас тартуға шақырды. Бұған дейін олар наурыз айының соңында қаланың ірі сауда орталықтарының бірінде 5 мың әуе шарының ұшырылуына және шардан жасалған парсы мысығы инсталляциясының орнатылуына жол бермеді. Айтуларынша, латекс шарлар да ғаламшарға кері әсерін тигізеді.
Экология саласы мамандарының айтуынша, "толықтай ыдырайды" деп белгіленген сапалы латекс шарларға дейін 100% ыдырамайды. Ал оны ыдырату процесі кезінде жануарлар мен экожүйеге қауіп төнеді.
"Шарлар табиғат пен қоршаған ортаны ластайды. Ал егер шарлар дұрыс жойылмаса, полигондар санының өсуіне ықпал етеді. Алматылық альпинистер 3-4 мың метр биіктіктегі таулы мұздықтар мен шыңдарда шар қалдықтарының көп кездесетінін айтады", – деді "Жасыл құтқару" экологиялық қоғамының өкілі, эколог Светлана Спатарь.
Оқи отырыңыз: Экологтар Маңғыстау облысындағы Қаракөл көліне резерват мәртебесін беруді ұсынып отыр
Greenup.kz атқарушы директоры Пакизат Сайлаубекова іс-шара ұйымдастырушыларын, ШОБ және корпоративтік бизнесті қоршаған ортаға қауіп төндірмейтін экологиялық таза баламаларды таңдауға шақырды.
"Біздің экологиялық жағдайымыз мүшкіл. Сол себепті эко ізді азайту және бір реттік заттардан бас тартқан пайдалы. Мұнымен қатар даму қағидаттарын сақтап, болашақ ұрпаққа биоәртүрлілік сақтаудың қаншалықты маңызды екенін бірнеше рет айттық. Алдағы уақытта да айта беретін боламыз. Өйткені біздің балаларымыз бен немерелеріміз осы қалада, осы елде, осы ғаламшарда өмір сүретін болады", – деді эколог Пакизат Сайлаубекова.
Сондай-ақ ол дәл қазір Алматы экобелсенділерінің қаланы неғұрлым экологиялық таза ету мақсатында бұқаралық іс-шараларда әуе шарларын пайдаланудан бас тарту туралы ұсыныс жасағанын айтты.
Оқи отырыңыз: Астанада рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастағандар 70 млн теңге айыппұл төледі