Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Ресей" саммитінде сөйлеген сөзінде өңірдегі шекара мәселелерінің реттелмеуі тұрақсыздыққа әкелетін фактор екенін атап өтті.
"Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс. Шекараларды делимитациялаудың өзара тиімді тәсілдерін әзірлеу және осы маңызды миссияға тәжірибелі сарапшыларды тарту үшін өңірлік сараптама алаңын құру пайдалы болады деп ойлаймын", – деді Қазақстан президенті.
Сондай-ақ, ол қазіргі жағдайда қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарды сақтау аса маңызды екенін атап өтті.
"Шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды қолға алуға ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте сауда кедергілерін жою және протекционистік шараларға жол бермеу маңызды. Бізге өңірішілік сауда-саттықты дамытуға бағытталған күш-жігерді жандандыру қажет. Бұл жерде тауар айналымының құрылымын жақсартуға және оның номенклатурасын кеңейтуге мән берген жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Климаттық дағдарыс алапат миграциялық нөпірдің катализаторына айналуы мүмкін