Тікелей эфир

Таразда Шерхан Мұртазаның ескерткіші ашылды

Қоладан құйылған ескерткіш демеушілердің қаражаты есебінен жасалған.

Таразда Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы аясында тұлғаның ескерткіші ашылды, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шерхан Мұртаза ескерткішінің ашылу рәсімінде ақын Мұхтар Шахановтың бата беріп тұрған сәті. Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ескерткіш Халықаралық Тараз инновациялық институтының бас ғимараты мен жатақханасының алдында орналасқан. Қоладан құйылған ескерткіш демеушілердің қаражаты есебінен жасалған. Тұғырдың биіктігі 4 метрге жуық болса, мүсіннің жалпы биіктігі 7,7 метрді құрайды.


Оқи отырыңыз: 


Салтанатты шарада ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

"Шерхан Мұртаза – саналы ғұмырын халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін дамытуға арнаған көрнекті тұлға, халық жазушысы, қоғам қайраткері. Шерхан Мұртаза өзінен кейін мол әдеби мұра қалдырды. Оның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады" делінген президенттің құттықтау хатында.

Ескерткіштің авторы – мүсінші Айдос Бүркітбаев. Оның жұмысы "Көне Тараз" қоғамдық қоры жариялаған байқаудың қорытындысы бойынша үздік деп танылған болатын.

Серіктестер жаңалықтары