Тікелей эфир

"Танысын өлтіріп кеткен". Қазақстанның екі азаматы Ресейден экстрадицияланды

Фото: Рolisia.kz
Фото: Рolisia.kz
Қазіргі таңда күдіктілер тергеу изоляторына қамалды.

Адам өлтіру, тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу және заңсыз қару айналымы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстанның екі азаматы Ресейден экстрадицияланды, деп хабарлайды бас прокуратура.

Күдіктілер 2023 жылғы қаңтарда Шымкент қаласында басқа үш адаммен бірлесіп, жеке араздық негізінде танысын өлтіруді жоспарлаған.

"Күдіктілер тапанша, металл шыбықтар мен биталармен қаруланып, қолғап пен маска киіп, түнгі уақытта жәбірленушінің үйіне келген. Олар терезелерді сындырып, үйге кіріп, жәбірленушіге аса қатыгездікпен көптеген дене жарақаттарын келтірген. Кейін үйдегі басқа адамдарды ұрып-соғып, жәбірленуші өмір белгілерін бермегеніне көз жеткізген соң, оқиға орнынан бой тасалаған", – делінген хабарламада.

Жәбірленуші ауыр дене жарақат салдарынан жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған. Күдіктілердің екеуі ізін суытпай ұсталып, әртүрлі жазаларға тартылған. Ал қалған үш күдікті елден қашып үлгеріп, халықаралық іздеуге жарияланған.

"2024 жылғы мамырда сыбайластарының бірі көршілес елден экстрадицияланып, сотталды. Қалған екі іздеудегі күдікті өткен жылдың шілдесінде Ресей Федерациясының Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазіргі таңда күдіктілер тергеу изоляторына қамалды. Айыпталып отырған қылмыстарды жасағаны үшін оларға 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осылайша, аталған қылмыстарға қатысы бар барлық тұлғалар әшкереленді", – делінген хабарламада.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары