Тамызда әлемдік әуе жолаушылар тасымалына сұраныс өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,8%-ға төмендеді. Бұл туралы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы хабарлады.
IATA мәліметінше, Таяу Шығыс әуе компанияларын есепке алмағанда, жолаушылар тасымалына сұраныс 0,6%-ға өскен. Халықаралық әуе тасымалына сұраныс бір жыл ішінде 0,9%-ға қысқарды. Ал Таяу Шығыс тасымалдаушыларын есептемегенде, керісінше, 1,3%-ға артқан. Ішкі жолаушылар тасымалына сұраныс 0,5%-ға төмендеді.
IATA-ның тұрақты даму жөніндегі аға вице-президенті әрі бас экономисі Мари Оуэнс Томсеннің айтуынша, энергия бағасының өсуі жолаушылардың сатып алу қабілетіне әсер еткен.
"Дегенмен әуе компанияларының қазан айына арналған жоспарлары сақтықпен оптимизм танытуға негіз береді. Ұсынылатын орындар саны 2%-ға артады деп күтілуде", – деді ол.
Жолаушылар тасымалының төмендеуіне қарамастан, әуе арқылы жүк тасымалдауға сұраныс өскен.
IATA дерегіне сәйкес, тамызда әуе жүк тасымалына сұраныс (CTK) өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда 4,4%-ға артты. Бұл ретте жүк тасымалдау сыйымдылығы (ACTK) 0,1%-ға төмендеді. Сұраныстың өсуі барлық өңірде тіркелді. Ең жоғары көрсеткіш Солтүстік Америка әуе компанияларында болды – 6,6%. Ал Таяу Шығыс тасымалдаушыларында өсім 1%-ды құрады.
Шілдеде әлемдік сауда көлемі жылдық есеппен 6%-ға өскен. Сауда көлемінің жылдық өсімі осымен қатарынан 33-ай жалғасып отыр. Тамызда авиациялық отын бағасы шілдемен салыстырғанда 8,3%-ға қымбаттады. Бір жыл ішінде отын бағасының өсімі 79,2%-ды құраған. Өндірістік белсенділіктің артуы мен жаңа экспорттық тапсырыстар санының өсуі әуе жүк тасымалына сұранысты қолдауды жалғастырған.
Мари Оуэнс Томсеннің айтуынша, сәуір айынан бері алғаш рет жүк тасымалының кірістілігі алдыңғы аймен салыстырғанда өскен.
"Әлемдік тауар саудасы да өсімін жалғастырып жатыр. Бұл екі көрсеткіш те жыл соңындағы тасымалдың ең қарқынды маусымы қарсаңында оптимизмге негіз береді", – деді IATA өкілі.
Қазақстандағы әуе жолаушыларының саны бір жылда 40 пайызға өсті – IATA
Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты әуе тасымалына деген сұраныс 2,2 пайызға азайды – IATA