"Самұрық-Қазына" АҚ-ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Талғат Алдыбергенов "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды.
Ол бұл лауазымға 2025 жылғы 3 шілдеде тағайындалған болатын.
"Жалғыз акционердің шешімімен "Қазақстан темір жолы" ҰК" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Талғат Сағиұлы Алдыбергеновтің өкілеттігі тоқтатылды", – делінген хабарламада.
Еске салайық, премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында "Қазақстан темір жолы" компаниясының транзиттік тасымал көлемі бойынша жоспардан қалып келе жатқанын айтып, басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновке ескерту жасаған еді.
Бектеновтің айтуынша, компанияның алдында транзиттік тасымал көлемін 55 миллион тоннаға жеткізу міндеті тұр. Алайда қазіргі нәтижелер жоспарланған межеден 30 пайызға төмен.
"Сіздің алдыңызда транзиттік тасымал көлемін 55 млн тоннаға жеткізу мақсаты тұр. Алайда жоспардан 30 пайызға артта қалып келесіздер. "Қазақстан темір жолы" 23 млн тоннаның орнына небары 16 млн тонна тасымалдаған. Сондықтан бұл мақсатты орындау сіздің жеке жауапкершілігіңізде", – деді премьер-министр.
Премьердің ескертуіне жауап берген Талғат Алдыбергенов қысқаша ғана "Қабылданды" деп жауап қатты.
"Бұл – сіздің жеке жауапкершілігіңіз". Бектенов ҚТЖ басшысына ескерту жасады