Таиландтың Туризм басқармасы саяхатшыларды елдің табиғи және мәдени байлығын жаңаша танытатын "Эмоцияны түгел сезін" (Feel Every Emotion) халықаралық туристік науқанына қатысуға шақырды. Жоба аясында туристер Таиландтың төрт өңіріндегі жаңа бағыттарды аралап, елдің көрікті жерлерін тамашалап, ерекше әсерге бөлене алады.
Таиландтың Туризм басқармасының басшысы Тхапани Киатпхайбулдың айтуынша, науқанның мақсаты – саяхатшыларға елдің табиғатын, мәдениеті мен дәстүрін жаңа қырынан көрсету.
Ол әсіресе жаңбырлы маусымда Таиландтың табиғаты ерекше құлпырып, туристерге ұмытылмас әсер сыйлайтынын атап өтті. Сондай-ақ әлемге танымал әнші Лалиса Манобанның "Amazing Thailand" науқанының амбассадоры болуы Таиландқа деген қызығушылықты арттыра түскен.
"Науқан аясында саяхатшылар елдің әр өңіріне саяхат жасай алады. Солтүстік Таиландта Чиангмайдағы көне Ват Чеди Луанг ғибадатханасы, Пхаяу провинциясындағы Пху Лангка орман саябағы, Лампангтағы Ват Пхуттхабат Суттхават пагодалары, сондай-ақ Чианграйдағы шай плантациялары мен Мэхонгсон провинциясындағы Бан Рак Тай таулы ауылы ұсынылады. Елдің солтүстік-шығысында туристер Удонтхани провинциясындағы Қызыл лотостар көліне және Убонратчатхани өңіріндегі Сам Пхан Бок табиғи шатқалына бара алады. Бұл орындар Таиландтың ең көрікті табиғи аймақтарының бірі саналады. Орталық өңірде Бангкоктағы әйгілі Ват Арун – Таң шапағы ғибадатханасы мен Канчанабури провинциясындағы Хуай Мэй Кхамин сарқырамасы ерекше танымал бағыттардың қатарында. Ал оңтүстікте Пхангнга провинциясындағы Яо Яй аралындағы Лаем Хад жағажайы мен Сураттхани провинциясындағы Кхао Сок ұлттық паркі туристерге тропикалық табиғаттың қайталанбас көріністерін ұсынады", – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар Туризм басқармасы "Эмоцияны түгел сезін: Таиландтың ғажайыптарын іздеу" атты арнайы акцияны іске қосты. Қатысушылар Buddy Rewards бағдарламасы арқылы немесе серіктес туристік нысандарда кемінде 2000 батқа сауда жасап, 500 эксклюзивті сыйлықтың бірін ұтып алу мүмкіндігіне ие болады.
Жүлделер қатарында Таиландтың көрікті жерлері бейнеленген коллекциялық фотокарталар, Лиса бейнеленген арнайы жиынтықтар, сондай-ақ өңірлік сувенирлер, футболкалар, жібек орамалдар және NFC технологиясы бар коллекциялық брелоктар бар.
Науқан 2026 жылдың 31 шілдесіне дейін жалғасады. Қатысушылардың түбіртектері 3 тамызға дейін қабылданады, ал жеңімпаздардың есімі 31 тамызда жарияланады.
Таиланд визасыз режимді 30 күнге қысқартты. Қазақстандық туристер енді қайтсе болады
Мәлім де беймәлім Таиланд: Қазақстандық туристерге қайда және қашан барған тиімді