Тікелей эфир

Сыр елінің меценаттары 37,5 млрд теңгеге демеушілік жасады

Фото: kzvesti.kz сайтынан алынды
Фото: kzvesti.kz сайтынан алынды
Биыл демеушілер есебінен Сыр елінде ірі жобалар жүзеге асып жатыр.

Атап айтқанда, Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба құны 20 млрд теңгені құрайды. Оның 15 млрд 700 млн теңгесі Болат Өтемұратов қорының демеушілігімен және жергілікті бюджеттен 4 млрд 300 млн теңге инфрақұрылымды дамытуға және абаттандыруға (жылу, су, электр, және кәріз желілері, телефон, автожол, абаттандыру) бағытталды. Заманауи үлгідегі жаңа нысанның жалпы аумағы – 3,9 гектар. Жаңа терминалда жолаушыларға халықаралық стандартқа сай барлық жағдай қарастырылған. Ол келер жылы пайдалануға беріледі.

Одан бөлек, Қызылорда қаласының сол жағалауында 400 балаға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүріп жатыр. Биыл шілде айында іргетасы қаланған дарынды балаларға арналған мектептің 300 орындық жатақханасы да бар. Жоба демеушісі – "Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры".

Сол жағалаудағы тағы бір оң бастама – биыл іргетасы қаланған 350 орындық "Оқушылар сарайы". Болашақ ұрпақтың игілігіне жарайтын құрылысқа "Қазгермұнай БК" ЖШС демеушілік көрсетіп жатыр. Жобаның құны 2,3 млрд теңгені құрайды. Жаңа нысан білім мен тәрбие ордасына айналып, жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізуге оңтайлы мүмкіндік жасайды.

Бұған қоса, қызылордалық кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен Қызылорда қаласының орталық алаңын абаттандыру жұмыстары басталды. Жоба құны – 1 млрд теңгені құрайды.

Ал жыл соңына дейін музыкалық колледж ғимаратының іргетасы қаланады. "Саутс-Ойл" компаниясының демеушілігімен тұрғызылатын жобаның құны – 4,8 млрд теңге.


Оқи отырыңыз: Қазақстанның мыс астанасы. Ұлытаудың орталығы Жезқазғанның бүгінгі тынысы қандай?


"Қазақстан темір жолы" компаниясының қолдауымен және кәсіпкерлердің демеушілігімен құны 577 млн теңгеге Қызылорда қаласындағы темір жол вокзалына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Қызылордада меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,7 млрд болатын "Анаға тағзым" орталығы ашылды.

Облыс орталығында 1,1 млрд теңгеге 30-дан астам ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панелдермен жаңартылса, 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылды.


Оқи отырыңыз: 2023 жыл қорытындысы: Өңдеу өнеркәсібінде 126 жаңа жоба іске қосылды


Құны 1,6 млрд теңге болатын 80 балалар спорт-ойын алаңдары пайдалануға берілді.

Облыс орталығынан бөлек жанашыр азаматтардың қолдауымен аудандар мен ауылдарда да тұрғындарға қажетті әлеуметтік, мәдени, спорт нысандар, заманауи демалыс саябақтары салынып жатыр. 

Серіктестер жаңалықтары