1954 жылдың 20 желтоқсанында Жезқазған ресми түрде қала мәртебесін алды. Биыл бұл күн қаланың құрдасы болып табылатын жергілікті ЖЭО-да бірнеше қазандықтың істен шығуы туралы жаңалықтармен тұспа-тұс келді. Бұл Жезқазғанның негізі қаланғаннан бері көп нәрсе өзгермегенінің көрінісі іспетті. Біз қаланың кешегі және бүгінгі тынысын білу үшін Жезқазғанды аралап көрдік.
1920 жылдары кең даладағы Қарсақпай шатқалында жер қойнауын игеруге жас ғалым Қаныш Сәтбаев аттанды. Көп ұзамай геолог бұл аймақ әлемдегі ең бай мыс провинцияларының бірі екенін айтып, үлкен мәлімдеме жасады. Әріптестер мұндай ғылыми тұжырымды сандырақ деп санап, Сәтбаевтың үстінен арыз жаза бастаған. Бірақ пікірінің дұрыстығына сенімді ғалым Сталиннің жеке қолдауына ие болды.
Кейіннен Жезқазған деп аталатын өнеркәсіптік ауыл бүкіл Одаққа белгілі болып, оның құрылысы мемлекеттік маңызы бар іске айналды. 1940 жылдары мұнда комбинат, теміржол және су қоймасы пайда болды. Ал 1954 жылы 20 желтоқсанда Жезқазған қала мәртебесін алды.
1940 жылдары салынған Кеңгір су қоймасы бүгінгі күнге дейін қаланы қамтамасыз етіп келеді, өйткені ауыз су осы жерден шығады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қазіргі таңда судың сапасы нашар.
Жағалаудағы қонақ үй қызметкері мамырдан тамызға дейін су қоймасында шомылу маусымы болатынын айтады. Мұнда демалуға бүкіл қала келеді.
Қазақстанның болашақ металлургиялық орталығында су қоймасы мен басқа да нысандарды салу жөніндегі негізгі жұмыс Жезқазған ГУЛАГ-ының тұтқындарына жүктелді, онда саяси баппен сотталғандар болған.
Сол 1954 жылы Степлагта ГУЛАГ тарихындағы ең үлкен ереуіл – тұтқындардың Кеңгір көтерілісі болды. Тыйымдардан шаршаған 400 тұтқын көтеріліске шығып, ерлер мен әйелдер арасындағы бөгетті қиратты, содан кейін әкімшілікпен келіссөз жүргізген алты адамнан тұратын "комиссия" құрды.
40 күнге созылған көтеріліс танкінің күшімен талқандалды. 1954 жылға қарай Степлаг тұтқындарының саны 20 мыңнан асты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына, оның ішінде мемлекет қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар мен діни қызметкерлерге Кеңгір су қоймасының жағалауында ескерткіш орнатылды.
Осы уақытта қаладағы құрылыс жұмыстары жалғасын тапты. Кең даланың ортасында шахталар, тұрғын үйлер ғана емес, асфальтталған жолдар да пайда болды.
Бүгінгі таңда жол инфрақұрылымы – қаланың әлсіз тұсы.
Жезқазғанның жолдары жөндеуді қажет ететіні анық көрінеді, кей аулаларда тротуар жоқ.
Сондай-ақ, қала Қазақстан бойынша белгілі А-17 тас жолымен танымал. Автожолды Қызылорда жағынан жөндей бастағанымен, Жезқазғанға жақын жер телімінен өту қиын. Бір ай бұрын жобаның 90-нан 145 млрд теңгеге дейін қымбаттауына байланысты оны қайта жаңарту келесі жылға дейін тоқтатылды.
Қаладағы көптеген ғимарат та тозған. Мысалы, Жеңіс көшесі, 11 мекенжайындағы су қоймасына қарайтын бұл үйді билік бұзып, оның орнына жаңасын салуға уәде берді. Бірақ бұның қашан орындалатынын қала тұрғындары нақты білмейді.
Әкімдіктің қаланы абаттандыру және жаңа ғимараттар салуға байланысты жоспарлары бар сияқты. Мысалы, су қоймасы маңындағы бұл бос жерде алдағы жылдары тағы бір Жезқазған мешіті пайда болуы мүмкін.
1950 жылдарға қайта оралар болсақ, сол кезде Жезқазған елдегі ең ірі түсті металлургия орталығына айналды. Қалада мыс өндіріліп, өңделді, шахталар мен зауыттар жұмыс істеді. Ал кеншілер Металлургтер сарайында демалатын.
1988 жылы ғимарат Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрына айналды. Дәл қазір, 2023 жылдың желтоқсанында ғимараттың алдындағы алаңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде, бірақ театрдың өзі жұмысын жалғастырып, жаңа жылдық қойылымдарға дайындалуда.
Бүгінгі таңда қала тұрғындарының негізгі демалыс орындары – Алғашқы құрылысшылар алаңы және оған іргелес Ғарышкерлер бульвары. Алаңда тұрып, Сіз қаланың барлық көрікті жерін бірден көре аласыз: Жастар орталығы, қалалық субұрқақ, Әулие Андрей православие ғибадатханасы, алғашқы құрылысшылар мен Ғарышты бағындырушыларға арналған стелалар, сондай-ақ ЖЭО-ның түтін бұрқыраған құбырлары көзіңізге түседі.
Қалада ғарышқа байланысты ескерткіштер көп. Ұзақ уақыт ғарышта болған ғарышкерлер экспедициясы Жезқазған жеріне алғаш табан тірейді.
1970 жылдары жерге қонған ғарышкерлерді салтанатты түрде қала көшелерімен алып жүріп, жергілікті жабық профилакторияда зерттейтін. Осыдан кейін олар әдемі дәстүр бойынша Ғарышкерлер бульварына әлі де өсіп жатқан қарағай ағашын отырғызатын.
Бульвар бұрынғы "Орбита" кинотеатрына тіреледі. Қазіргі таңда бұл жерден кино көріп қана қоймай, түнгі клуб та табуға болады.
Қала орталығына, Алашахан алаңына, бұрынғы Ленин атындағы алаңға оралайық.
1970-жылдардан бастап бұл жерде әкімдік тұр. Шынында да, 1997 жылға дейін Жезқазған облыс орталығы болған еді.
2022 жылғы 16 наурыздан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Жезқазған облысының аумағында жаңа Ұлытау облысы құрылатынын жариялаған кезде жергілікті тұрғындар үлкен өзгеріс күткен еді.
Бір кездері Жезқазған халқының саны 110 мыңға жетті.
Соңғы уақытта қалада 80-90 мың адам тұрады. Жастар Астанаға, Алматыға және Ресей қалаларына кетіп жатыр.
Жезқазғаннан кеткендер бар, қалғандар бар, кеткісі келмейтіндер бар. Зауыттар жұмыс істеп тұр, мыс өндірісі жүруде, өмір жалғасуда... 70 жылдық мерейтойға дейін қаладағы қордаланған мәселелер шешімін табады деген үміттеміз.
Аударған Мейіргүл Оңғарова