Тікелей эфир

Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен үй алған тұрғындар су астында қалды

Нөсер жауын суы үйдің барлық қабатына кірген.

Шымкентте "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған пәтерлер екі күннен бері толассыз жауған жауынға шыдамай, іші суға толды. Тұрғындар Тұран-2 шағын ауданындағы сапасыз құрылысқа әкімдікті кінәлап отыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Шатырды дұрыс жасамаған. Жел тұрған кезде салдырлаған дауыс шығады. Үйдің төбесін жамап-жамап салғырт істеген", – деді Шымкент қаласының тұрғыны Абзал Әлібеков. 

Нөсер жауын суы мемлекеттік бағдарламамен берілген үйдің барлық қабатына кірген. Шатырдан бөлек есік-терезе де сапасыз салынған, дейді тұрғындар. Бұдан бөлек жауын суы жертөлеге жиналып, үйдің іргетасы да бүліне бастаған. 


Оқи отырыңыз: Павлодарда салынып жатқан жатақхана элиталы тұрғын үйге айналып, 700 студент далада қалды


"Жаз соңында жаңбырға шыдамай жатыр. Алдымызда әлі қаншама жауын-шашын күтіп тұр. Ертең қалай болатынын білмеймін. Оның үстіне ипотеканы 8 жылға алып отырмын. Сегіз жыл түгілі бір жылға шыдамай тұр ғой", – деді тұрғын Гүлнәр Үсембаева. 

Ал үйдің сапасына жауаптылар жағдайды түзетеміз, деп отыр. 

"Мердігердің жұмысшылары келіп жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Негізігі себеп – құйғыш пен суағар құбырының түйіскен жерінен судың ағуы. Құйғыш бітеліп, су көп жиналған балконнан ішке қарай су өткен. Оны белгілеп алып, мердігерге айттық. Терезені орнатқан кісілер де дереу жөндеу жұмыстарын жүргізеді", – деді Шымкент қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев. 


Оқи отырыңыз: Қызылордада мердігерлер ескі үйлердің көше жақ қабырғасын сәндеп, аулаға қараған тұсын сол күйі қалдырған


Мемлекеттік бағдарламамен үй алу үшін 10 жыл кезекте тұрған тұрандықтар енді Шымкенттегі Құрылыс басқармасын сотқа бермек. Себебі кепілдігі 5 жылға ғана берілген үйдің оған дейін аман-есен тұратынына сенбейді.

Серіктестер жаңалықтары