Шымкент қаласының өнер ұжымдары мен танымал орындаушылары қала тұрғындары мен қонақтарына Абайдың халық сүйіп тыңдайтын музыкалық туындыларын шырқап, арнайы дайындалған концерттік бағдарлама ұсынды.
Іс-шараның мақсаты – хакімнің шығармашылығын кеңінен насихаттау, көркем әдебиетті, поэзияны, әндерін сүйіп тыңдайтын қала тұрғындарының рухани танымын кеңейту, театр құндылықтарын көрсете отырып көрермендер қатарын арттыру.

Кеш барысында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының шығармашылығынан әндер орындалды.
Атап айтқанда, Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы қазақ дарама театрының әртістері "Абай ауылы" прологын көркем түрде көрсетіп, "Шымкент концерт" концерттік ұйымы және Шымкент қалалық опера және балет театрының әншілерінің орындауында Л.Хамиди, А.Жұбановтың "Абай" операсынан "Тойбастар", Хор әртістерінің орындауында "Қарлығаш" және Абайдың "Айттым сәлем Қаламқас", "Желсіз түнде жарық ай", "Көзімнің қарасы" т.б. әндері шырқалды.

Іс-шарада қала тұрғындар мен қонақтары хакімнің қара сөздері мен поэзиясынан қуат алып, керемет әсерге бөленді.

Абай мұрасы – өшпес қазына. Бүгін шаһарда ұлы ақын, ойшыл, Абай Құнанбайұлының бай рухани мұрасын дәріптеуге бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізіліп, мереке кең көлемде аталып өтті.
Айта кетейік, Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы. Оның шығармалары мен философиялық көзқарастары тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жоғары бағаланады. Осыған дәлел ретінде соңғы жылдары әлемнің бірнеше елінде Абайға арналған ескерткіштер мен көшелердің пайда болуы.
Абай Құнанбайұлының аты көптеген шет елдердегі көшелерге берілген. Аргентина, Иордания, Германия, Украина, Египет, Үндістан және басқа елдердің қалаларында Абай атындағы көшелер бар. Бұл – қазақ ойшылының әлемдік деңгейде мойындалуының бір дәлелі.
Абайдың атымен ашылған мәдени орталықтар да шетелдерде халықтар арасындағы достықты нығайтуға ықпал етіп келеді. Лондон, Берлин, Омбы, Ыстамбұл, Бішкек, Прага сияқты қалаларда Абайға арналған оқу және мәдени орталықтар жұмыс істейді.