Шымкент қаласы әкімдігі қаланың бас жоспарының жаңа жобасын әзірледі. Жобада қала халқының өсімі бойынша болжам жасалған.
2022 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, қалада 1,1 миллионнан астам адам тұратын болса, келесі кезеңдерде қала халқы саны тек өсе түседі:
- 2027 жылға қарай – 1450 мың адам;
- 2035 жылға қарай – 1850 мың адам;
- 2050 жылға қарай – 2550 мың адам.
Еске салайық, Шымкент демографиялық тұрғыда Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Мәселен, 2000 жылы ол 435 мыңнан астам адамды құрады, 10 жыл ішінде 629,1 мың адамға дейін өсті. Қазіргі таңда Шымкент — Қазақстандағы халық саны бойынша үшінші қала. Қазақстанның барлық қала халқының 10 пайызы Шымкентте тұрады.
Ал 2018 жылы мемлекет басшысының қаулысына сәйкес, Шымкент республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызылды.
Оқи отырыңыз: Шымкент қалай өседі? Үкіметте мегаполисті дамыту жоспары талқыланды
Шымкенттің бас жоспарын талқылау мерзімі – 1 тамызға дейін.